Образование

Дебат клубтарын дамыту: Турнир жеңімпаздарына ЖОО-ға грант пен ақшалай сыйлық беріледі

 ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі білім ошақтарында дебат клубтары қалай дамып жатқанын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

 

Министрдің айтуынша, жаңа дебат үйірмелері мен клубтары ашылып, жұмыс істеп тұрғандары дамытылып жатыр. Бүгінгі таңда мұндай үйірмелер саны 7 мыңға жуықтап қалған. Ол үйірмелерге 123 мыңнан астам бала барады. Сондай-ақ, дебатшыларды ынталандыру үшін турнир жеңімпаздарына ЖОО-ларға грант пен ақшалай сыйлық қарастырылған.

 

«Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларының шеңберінде, соңғы 3 жыл бойы оқушылар мен студенттер арасында «Оқуға кұштар мектеп» жобасын, өзін-өзі басқару және дебат қозғалыстарын жүйелі түрде дамытып келеді.

 

Дебатшыларды қолдау үшін түрлі тренингтер, курстар, вебинарлар, турнирлер өткізіледі, ал ірі турнирлердің жеңімпаздарына жергілікті жоғары оқу орындарына гранттар бөлінеді. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша пікірсайыс турнирлерінің 12 жеңімпазы қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу үшін білім грантына ие болғанын еске сала кетейін. Сондай-ақ турнирлерге қатысқаны үшін оқушылар мақтау қағаздарымен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды», — деп жазды министр.

 

Сондай-ақ, ведомство басшысы дебаттың пайдасын, дебатқа дайындалу барысында адам қай қырынан дамитынын атап көрсетті.

 

«Дебат көптеген маңызды құзыретті үйрететінін өз тәжірибемнен білемін. Дебатқа дайындалған кезде сен кез келген проблемаға өзіңе ыңғайлы және үйреншікті қырынан ғана емес, сонымен қатар жүйелі түрде қарап, мәселені әр түрлі жағынан талдауға және зерттеуге үйренесің. Сондай-ақ алдын ала әртүрлі пікірлер мен дәлелдерді зерттеп, оң және теріс жақтарын көруге үйренесің.

Дебат — тек зияткерлік қана емес, ол маңызды білім беру технологиясы. Оқушылар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен өзара сенімдерін нығайтады», — деді Асхат Аймағамбетов.

Одан бөлек, бүгінде білім министрі дебатқа қажетті дүниенің бәрі болатын арнайы портал әзірленіп жатқанын атап өтті.

«Дебат қозғалысына қолдау көрсетуді және пікірсайыс турнирлерін өткізуді жалғастыра береміз. Біз барлық қажетті ақпарат, командалардың рейтингілері, дебат турнирлерінің кестесі, форматтары және дебатқа қажетті дүниенің бәрі болатын арнайы портал әзірлеп жатырмыз», — деп хабарлады ол.

Министр келесі жылы республикалық дебат турнирі өтетінін де айтып өтті.

«Республикалық дебат турнирі ақпанда өтеді. Оған дейін қаңтар айынан бастап әр мектепте іріктеу турнирлері өтеді. Одан кейін жеңімпаздар аудан, қала, облыс деңгейінде бақ сынаса, үздіктер республикалық турнирге қатысады. Барлық оқушыны дебат жарыстарына белсенді қатысуға шақырамын», — деп түйді сөзін Асхат Аймағамбетов.

Другие новости

Back to top button