Восточно-Казахстанская область

Дәулет Асанов, эколог: Маралдыдағы цианиттің қоршаған ортаға зияны жоқ

Цианид қоспасы арқылы алтын өндіруді Қазақстанда ойлап тапқан жоқ, бұл технология өткен ғасырдың ортасынан бері әлемнің көптеген елінде қолданылып келеді. Бұл туралы бүгін Өскеменде өткен табиғат байлығын пайдалану мәселесіне қатысты кездесуде эколог Дәулет Асанов айтып берді.

Кейінгі кезде қоғамда, әсіресе әлеуметтік желіде Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасында қолданылатын цианид қоспасының зияны туралы қауесет көп айтылып жүр. Журналистермен болған кездесуде эколог бұл химиялық қоспаға қатысты алып-қашпа әңгіменің нүктесін қойды. Оның айтуынша, Маралды ауылы маңындағы салынып жатқан алтын өндіру фабрикасында қолданылатын цианид қоспасы қоршаған ортаға ешқандай зиян тигізбейді

– Цианитті пайдаланудың арнайы технологиясы бар. Оны ешкім ашық түрде қолданбайды. Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасында цианит жабық цехта су, белсендірілген көмір және басқа да заттармен араластырылып қоспа ретінде дайындалады, содан кейін ғана оны жабық құбыр арқылы кенге құяды. Ал кеннің өзі ені 4 метр болатын дамбымен қоршалған жабық аумақта сақталады және ол 250 мың тонна мөлшерінде. Жабық жерде сақталған кеннің астында жерасты суларын ластанудан сақтайтын арнайы экран болады. Бұл экран 30 см қалыңдықтағы бетомата тақталардан тұрады. Оның үстінде арнайы геомембрана төселеді. Жобалық шешімде оның қалыңдығы 0,8 мм болуы керек деп көрсетілсе, Маралдыдағы кәсіпорында адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін арттыру үшін оны 1,5 мм-ге дейін қалыңдатқан. Яғни, қорғаныш қабаты екі есеге дейін қалыңдады. Содан кейін ең жоғарғы қабатына топырақ жайылады. Топырақтың бетінде кен жатады. Яғни, кенге құйылған цианит қоспасы бірнеше қабаттан өтіп болғанша құрамына алтынды жинайды да, ең түбіне жеткенде кері қарай цехқа жабық құбырмен жөнелтіледі. Осылайша су көздері мен қоршаған ортаны ластанудан қорғау үшін фабрикада тұйық шеңберлі өндіру әдісі жүзеге асырылады. Айталық, фабрика мен сілтісіздендіру алаңының ортасында өндірістік су айналмалы жүйеде жүреді. Бүкіл өндіріс цехтың ішінде, жабық түрдегі арнайы құрылғылардың ішінде жүреді. Сондықтан цианидтің өзенге немесе жерасты суларына қосылуы мүмкін емес, – дейді Дәулет Асанов.


Сонымен қатар эколог фабрикада сұйық қалдықтар болмайтынын атап өтті. Ал егер алда-жалда төтенше жағдай бола қалса қолданылған цинаид қоспасы арнайы шұңқырға ағызылады, ол жерде де технологиялық қауіпсіздік қатаң сақталған.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде ШҚО-дағы жер қойнауын пайдаланушылар мен адамдар арасында дау-дамай туындап, соңы тәртіп бұзушылыққа дейін барған. Мәселенің мән-жайын анықтап, шынайы ақпарат алу үшін жергілікті БАҚ өкілдері арнайы кездесу ұйымдастыру жөнінде бастама көтерген. «Altainews» медиа-орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік органдар, сарапшылар мен журналистер арасында ашық диалог болды.

Другие новости

Back to top button