Госорганы

Cамат Әбіш қайда жүр –  ҰҚК төрағасының орынбасары Назарбаевтың немере інісі туралы айтты

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев Кәрім Мәсімовтің бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің қайда екенін білмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

Мәжіліс кулуарында журналистер Қалқабаевтан ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің қайда екенін сұрады.

«Бұл мәселеге түсініктеме беруге менің құзыретім жоқ. Құқық қорғау органдары басшыларының әрекетіне құқықтық бағаны Бас прокуратура берді. Істі ведомствоаралық жедел тергеу тобы тергеді», — деді ол.

Ол Самат Әбіштің қайда екенін білмейтінін айтты.

«Ол Қазақстанда шығар. Біз оны бақылап жүрген жоқпыз. Ол Қазақстан азаматы. Қазақстанда жүре алады», — деді ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев.

Сондай-ақ Қалқабаев ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қаңтар оқиғасы кезінде қажетті шешім қабылдамағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғанын айтты.

«Тергеу барысында бәрі анықталды. Әрине, мен көп нәрсе айта алмаймын. Бірақ бұйрық болған жоқ. Ол кісі жай ғана шешім қабылдамаған. Бірінші басшы қабылдауға тиіс шешімдерді қабылдамаған. Бар болғаны сол. Сол себепті де қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр», — деді Қалқабаев мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Сондай-ақ ол Мәсімов сот үкіміне апелляциялық шағым, кейін кассациялық шағым түсіруге құқылы екенін айтты. Осы уақытқа дейін ҰҚК экс басшысы тергеу изоляторында отырады. Алайда Қалқабаев Мәсімов үкімге шағымдану құқығын пайдаланды ма деген сұраққа жауап бере алмады.

Еске салсақ, қаңтар оқиғасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары тұтқындалған болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қана (ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары) ұсталған жоқ. Тек қызметінен босатылды.

Жуырда сот үкімімен Мәсімов 18 жылға сотталды. Ол мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға оқталды және билік пен лауазымдық өкілеттікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Орынбасарлары болған Садықұлов, Ерғожин, Өсіповке де сот үкімі шықты. Сот істі «өте құпия» деген белгімен қарады.

Другие новости

Back to top button