Госорганы

Былтыр машина жасау саласында құны 3 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді – Президент

Елордада Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Пленарлық отырыстың ашылуында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының XI форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұл форум осы саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Ел экономикасын әртараптандыру үшін инновацияға және озық технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту өте маңызды. Осы стратегиялық мақсатқа жету жолында машина жасау өндірісі айрықша рөл атқарады. Былтыр бұл салада жалпы құны 3 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді. Тауар түрлері, экспорт көлемі көбейді, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Оған кәсіпорын ұжымдарының қажырлы еңбегі, мемлекеттің орнықты саясаты және ауқымды қолдау шаралары зор септігін тигізді», — деп жазылған Президент құттықтауында.

Мемлекет басшысы машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттыру қажеттігін баса айтты.

«Сол үшін менің тапсырмаммен кешенді жоспар жобасы әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін. Өз өндірісімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарықтарға шығу – біздің басты міндетіміз. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындай алатындарыңызға сенімдімін. Форум жұмысына табыс тілеймін! Еңбектеріңіз жемісті болсын», — делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзінде.

Другие новости

Back to top button