Госорганы

«Бұл заң ел игілігіне жұмыс істейтініне еш күмәнім жоқ»: Қошанов активтерді қайтару туралы

Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын Сенатқа жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын және іліспе заң жобаларын қарап шығып, мыналарды атап өтеді. Жобалардың негізгі мақсаты заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), пайда болуын растауға, қамтамасыз ету шараларын қолдануға және мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады.Заң жобаларының: заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру секілді жағымды әлеуметтік-экономикалық тұстары бар», — деді Снежанна Имашева.

Ол атағандай, заңның қолданылу аясын нақтылауға, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне, ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауға, Комиссияның құрамы мен функцияларын қалыптастыру тәртібіне, тізілімді қалыптастыру тәртібіне, активтерді ашып көрсету туралы декларацияны және оған қоса берілетін мәліметтерді қарау кезінде Комиссияның құзыретіне, активтерді ерікті түрде қайтаруға қатысты редакциялар түзетілді.

«Бұдан басқа, жұмыс тобы аясында талқылау кезінде заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылау сипатындағы түзетулер енгізілді. Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобалары бойынша оң қорытындыларын берді», — деді ол.

Заң жобасы екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жолданды.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов өте маңызды заң жобасы қабылданғанын айтты.

«Басты мақсаты – әлеуметтік әділдікті орнату. Бұл жұмыс ауқымды реформалар аясында Президенттің пәрменімен іске асып жатыр. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында да аталған мәселеге басымдық берілді. Біз бүгін осы заңды қабылдау арқылы үлкен қадам жасадық. Бір нәрсе айқын – заңсыз әрекет жасағаны үшін ешкім де жауапкершіліктен құтыла алмайды. Сондықтан шетел асқан активтерді елге қайтару үшін бұл заң қажетті тетік пен мүмкіндікті қарастырып отыр. Заң жобасы жан-жақты талқыланды. Айтылған ұсыныстардың барлығы заңда ескерілді. Сондықтан, бұл заң ел игілігіне жұмыс істейтініне еш күмәнім жоқ», — деді Қошанов.

Другие новости

Back to top button