«Бұл – соғыс»: журналист Дана Нұржігіт Жұлдыз Әбдікәрімоваға қолдау танытып, демеу болды
Танымал журналист Дана Нұржігіт актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың үлкен сұхбатынан кейін оған қолдау танытып, демеу болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дана Нұржігіт жуырда өз басынан да қиын жағдай өткенін, соттасу өте қиын әрі ұзақ процесс екенін меңзеген. Дана Нұржігіт бұндай жағдайларда тек мықты адвокат пен темірдей мінез керек дейді.
«Жұлдыз, айналайын! Сұхбатыңды тыңдадым. Адам ашынғанда ғана соңына дейін барады! Құдай саған жұмсақ жүрек, дархан көңіл, сұлулық берген. Енді өзің үшін, балаларың үшін жүрегіңді тас қыл, көңіліңді мұз қыл, сұлулығыңа бет қаратпайтын қатулық қос! Әділет іздеген адам осының бәрін сауыттайын киіп жүруге мәжбүр болады. Бұл – «соғыс!». Алаяқтар тайраңдап, өз төрімізді өзімізге көр қылуға дейін барады. Сыртымыздан күліп отырады. Мен де көрдім ондайды! Біреудің адал нанына таласып, біреудің баласының ауызынан дардай басымен тартып алуға арланбайтын көргенсізді. Күрес. Белді бекем бу», — деп жазған Дана Нұржігіт.
Айта кетейік, Жұлдыз Әбдікәрімова осыдан төрт жыл бұрын жер үй аламын деп алданып қалған. Қазір сол оны алдап кеткендермен соттасып жүр.