Госорганы

Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық – Тоқаев

Мемлекет басшысы қандай жағдай болса да, еліміз реформа жолымен ілгері дами беретінін жеткізді

Алматыда «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шын мәнінде, бұл ескерткіштің мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге және барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қандай жағдай болса да, еліміз реформа жолымен ілгері дами беретінін жеткізді.

«Халқымыз мықты мемлекет құруға, қасиетті тәуелсіздігімізді нығайтуға және қорғауға бел буғанына сенімдімін. Біз саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, ұлттық экономиканы монополиядан арылтуға және оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды жалғастырамыз. Жыл басынан бері қысқа мерзім ішінде біраз іс атқарылды. Біз жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямызды қабылдадық. Қазір алдымызда ауқымды әрі күрделі жұмыс тұр. Біз тұтас ел болып жаңғыру және жаңару жолына аяқ бастық. Әрине, бұл – тек басы ғана, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ біздің басты мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру және бәріне бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру. Біз әрқашан бірге болсақ, міндетті түрде мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Другие новости

Back to top button