Социум

«Бұл мемлекетте шындықты айтатын адам ешкімге жақпайды»: Қайрат Құдайберген қазақ еліне хат жолдады

Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысты деген күдікпен ұсталған кәсіпкер Қайрат Құдайберген қазақ халқына хат жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі оның Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Қайрат Құдайберген жазған хатында қазақ елін «Қаңтар оқиғасы» бойынша соттың ашық өтуіне талап етуге шақырды.

«Намысы жоқ, сатқын тергеушілер, прокурорлардың Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасының ұйымдастырушысы, басты террорист деген жалған айыбымен қамауда отырғаныма 1,5 жыл өтті. Мені кінәлі деп айтатындай ешбір дәлел жоқ! Жәй сөзбен,тергеушілердің ауру қиялынан басқа дым жоқ. Маған тағылып отырған айыптаудан үзінді ұсынғым келеді.

“Белгісіз жағдайда, белгісіз ұйымдастырушылармен, белгісіз координаторлар Қайрат Құдайбергенге Арман Джумагелдиевті қолдау рөлін белгілеген… Мынандай масқараны тек кинодан көріп, кітаптан ғана оқи аламын деген болсаңыз қателесесіз. Айыптаудың негізі осылай басталып тұрса, біз қандай шындықты іздеп жүрміз? Бұндай іспен кез-келген адамды қамауға болады емес пе?

Негізі оларға бәрі белгілі. Жәй ғана бір-екі адамның мүддесін қорғау үшін бізді құрбандыққа шалып отыр! Шынында сіздерге мен не үшін отырғаным мәлім. МСОГ деген аты болмаса баяғы НКВД ның жұмысын атқарып жүрген “адамдар” халықты білімі жоқ надан көреді. Қызметтік тәкәппарлық танытып, біздің шындығымызға аяғын сүртіп, халықтың күтіп отырған шындығына түкіріп отыр», — деді ол.

Сондай-ақ, Алматы қаласының Мәслихатының экс-депутаты өзінің қамауда отыруының негізгі үш себебін атады.

«Біріншіден, ойынқұмарлықпен белсенді күресім. 2019 жылдан бері үкіметке онлайн-казинолар, лото, бинго, букмекерлер елімізде елімізде толығымен жабылуы керектігі туралы ұсыныстарды үнемі айтып отырдым.

Екіншіден, менің әрдайым ақиқатты айтып, шындықты бетке басып жүргенім үшін. Бұл нағыз саяси қудалау.

Арыста жарылыс болғанда, Мақтааралда су тасқыны, Қостанай мен Семей облыстарында өрт апаты болғанда, COVID-19 індеті өршігенде бір жағадан бас болып өз өзіне көмектескен халық болды. Осыны бетке басып айтқан мен, террорист болып шықтым. Бұл мемлекетте шындықты айтатын адам ешкімге жақпайды. Бұл ащы ақиқат.

Үшінші себеп, билікке аты шыққан, соларға кінә тағатын адамдар керек болды. Себебі, нағыз «қаңтар оқиғасының» тапсырысшыларының және ұйымдастырушыларының аты аталмайды. Сот жабық түрде өтсе, халық ешқашан ақиқатты біле алмайды. Сондықтан, сіздерді шындықты талап етуге «Қанды қаңтар оқиғасы» бойынша соттың ашық өтуін талап етуге шақырамын», — деді Қайрат Құдайберген.

Другие новости

Back to top button