Бүкіл қала жиналды: Өскеменде Қырғызстанда опат болған балалар жер қойнына тапсырылды
Өскеменде Қырғызстандағы жойқын сел апатынан қаза тапқан төрт баланы жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Astana.TV-ға сілтеме жасап.
Табиғи апат болған соң, балаларды құтқарушылар бір күннен артық іздеді.
«Соңына дейін сенбедім, кеше Алматыдан туыстарым қоңырау шалып, естіртті. Әлі де сене алар емеспін», — дейді қайтыс болған балалардың ағасы Талғат Мұхаметқалиев.
Опат болған ұл мен үш қыз небары 8-11 жас аралығындағы балалар. Олардың денелері Қазақстанға Қорғаныс министрлігінің ұшағымен жеткізілді.
«Мешіттің жанына бүкіл қала жиналды. Біздің қаламыздың, еліміздің әрбір тұрғыны үшін өте үлкен қайғылы жағдай бұл, орны толмас қаза», — деді Өскемен қаласының тұрғыны Зоя Новолодская.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, екі отбасының балалары №44 және 47 мектептерде оқыған. Олармен тек туыстары ғана емес, мұғалімдер де қоштасуға келді.
«Бұл орны толмас қайғы. Біз ата-аналармен байланыста боламыз және оларға қажет барлық көмекті көрсетеміз. Бұл қайғылы оқиға барлық ата-аналарды біріктірді, өйткені бұл біздің балаларымыз, ал бөтен бала болмайды», — деді Өскемен қаласы білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагузова.
Балаларды жерлеуді ұйымдастыруды әкімдік өз мойнына алды. Қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетілді.