ГлавноеЗападно-Казахстанская область

БҚО-да киіктер таскенеден қырылып жатыр

Шаруаларлың болжауынша биыл киіктердің саны кемі 2,5 миллионға жетеді

Кененің тым көбейіп кетуінен киіктер ғана емес, ірі қара мал да өле бастаған. Ал жылда киіктердің қаптауынан онсызда жапа шегіп келе жатқан шаруалар биыл таскенеден құтылудың жолын таппай отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігінің тілшісі.

 

Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Ордасы, Жәнібек, Казталовка, Жаңақала сынды аудандардағы киік саны биыл тағы екі есеге көбейген. Ақбөкенмен мал өрісте бірге жайылып жүр. Киіктерде биыл таскене қаптап кеткен. Ол енді жылқы мен сиырға жұғып, шаруаларды әуре-сарсаңға түсіріп жатыр.

«Киік көбейгелі таскене де қаптады. Қадалған жерінен қан сорып, жарылғанша түспейді. Міне, киіктің пайдасы. Босқа өліп жатыр. Былтыр ресми санақ бойынша төлдегенге дейін біз жақтағы киіктің саны 820 мың еді. Төлдеген соң олар кемі екі есеге көбейді. Әдетте маңына жолатпайтын даланың ақбөкені жүруден қалып, өліп жатыр. Таскенеден біз де әбден зардап шегіп, қиналып келеміз»,  — деді Исатай Сейсенғалиев.

Оның сөзінше, жайылымдағы мыңғырған малға жабысқан таскене ауылға да қаптаған. Шаруалар онсыз да көктемнен көтерем болып әрең шыққан мал қан сорғыш тас кенені көтере алмай жатқанын айтады. Кейбір шаруалар өрісте жүруден қалған ірі қараны қорада қамап ұстауға мәжбүр. Өйткені, далада бірге жайылып жүрген киіктегі таскене малға тез жұғады.

«Кенеден тазартудың жолы малды күбілеу. Мен арнайы күбілейтін орын салып алдым. Жылқы мен сиырды дәріленген суға түсіреміз. Бірнеше мың малды дәрілеу ауыр, әрі оның шығыны да аз емес. Міне, киіктер осылай таскенеден өліп жатыр. Малға да зияны тиіп, шаруалар қиналып жатыр. Қазір мен өрістегі жылқыларды күбілеп жатырмын. Мемлекет әлі күнге киіктің мәселесін шеше алмай келеді. Оның зиянын батыстағы шаруалар тартып отыр. Жақсыбай ауылы,  Казталовка аудандарының шаруалары қиындық көріп келеді тас кенеден»,  — деді қожалықтың иесі.

Жуырда киік төлдеп, құралайын өргізеді. Шаруаларлың болжауынша, биыл олардың саны кемі 2,5 миллионға жетеді. Төлдейтін кезде ақбөкен ауыл маңында апталап өреді. Адамдар ақбөкенмен бірге тас кене де ауылға қаптап кете ме деп алаңдар отыр.

Другие новости

Back to top button