БҚО-да екі жүк көлігі соқтығысып, 44 жастағы жүргізуші көз жұмды
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Батыс Қазақстан облысында екі жүк көлігі соқтығысып, 44 жастағы жүргізуші көз жұмды. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, оқиға 24 желтоқсан күні Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылы тұсында болды.
«Шамамен сағат 18.00-де Самара-Шымкент тас жолында 44 жастағы жүргізуші «Вольво» жүк көлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Сөйтіп 39 жастағы қырғызстандық жүргізуші айдап келе жатқан DAF жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан 44 жастағы қазақстандық жүргізуші оқиға орнында мерт болды. «Вольво» көлігінде отырған 24 жастағы жолаушы түрлі жарақаттармен Орал қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 24 жастағы жігіт облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінде ем алуда. Жағдайы тұрақты.