АлматыБизнес

Болат Назарбаев сотта жеңілді

Болат Назарбаев Алматыдағы «Барыс-4» базары («Оптовка») үшін таласта жеңілді, деп хабарлайды abai.kz.

Былтыр қазан айында Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Барыс-4» ірі көтерме сауда орталығының құрылтайшысы «Найза-БН» компаниясының жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлесті сатып алу мен сату шартын жарамсыз деп таныған.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, «Найза-БН» ЖШС құрылтайшыларының бірі — Болат Назарбаев. Ол базардың 65 пайыз үлесіне ие болған.

Ол 1,5 миллиард теңге тұратын базарды 307 миллион теңгеге сатып алған. Осылайша заңсыз жеңілдіктер алу арқылы жекешелендіру кезінде мемлекетке орасан шығын келтірген.

Назарбаев сот шешіміміне келіспей «базарды заңды жолмен алғанын» дәлелдемек болып, апеляциялық шағым түсірген. Бірақ сот алғашқы инстанциядағы шешімін өзгертпеді.

Енді Болат Назарбаевтың Жоғарғы сотқа шағымдануына алты ай уақыты бар.

«Болат дәуірінің аяқталуымен олигополияның базардағы диктатурасы бітті деуге болады. «Алтын Орда» мен «Оптовка» мәселесі шешілді. Енді мемлекетке соңғы қадам жасап, Алматының қақ ортасындағы «Никольский» базарын өзіне қайтару ғана қалып отыр. Бұл ретте, 2017 жылдары Жер қатынастары басқармасында басшының орынбасары болған, жерді Болат Назарбаевқа жазып берген Ардақ Самамбетов деген шенеуікке үлкен сұрақтар туындайтын болады»,-деп жазды Dala Inside телеграм арнасы.

Арнаның жазуынша, Болат Назарбаевтың жұдырығынан босаған Барыс-4 базары Алматының экономикасын өрлетуге көп жәрдемін тигізбек. Алматының экономикасы былтыр 43 миллиард доллар болды. Биыл Алматы Қазақстан бюджетіне 207 миллиард теңге беруі тиіс.

Другие новости

Back to top button