Болашақта Қазақстандағы «ЦОН»-дар түгел жабылуы мүмкін — Бектенов маңызды мәлімдеме жасады

Болашақта Қазақстанда Халыққа қызмет көрсету орталықтары мүлде болмауы мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір мемлекеттік қызметтердің көбі онлайн форматқа өтіп жатыр.
«Болашақта, мүмкін, ЦОН-дардың қажеттілігі мүлдем болмайды деген ойымыз бар. Бірақ әзірше олар істеп жатыр, сондықтан олардың жұмысын жетілдіру керек», — деді Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министр халық тарапынан арнайы ХҚКО-лардың жұмысына шағым көп түсетінін айтты. Ақпараттық жүйелердің тоқтап қалу фактілері де кездеседі. Бектенов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтан осы олқылықтарды жою үшін қандай шаралар қолға алынғанын сұрады.
Кенжеғалиев мамандандырылған ХҚКО жұмысына қатысты бірқатар мәселе бар екенін мойындады.
«Микроқұлаққаптарды қолдануға қатысты тиісті детекторларды орнаттық. Жүйелерге деректерді қолмен енгізу мүмкіндігін жойдық, қазір салық органдарымен, кеден органдарымен интеграция арқылы тиісті деректерді аламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп, мамандандырылған ХКҚО жұмысын жақсарту үшін әрекет жасап жүрміз», — деді ол.