Алматинская областьГлавное

«Бізді осы дәрежеде қорлайтындай не жаздық?» – марқұм Шерзаттың әжесі

Талғардағы трагедияға қатысты әлеуметтік желіде бейнебақылау камерасының жазбасы тараған. Видеоның бас-аяғы түсініксіз.Марқұм Шерзат Болаттың әжесі видеоны әдейі таратқандарын айтады. Немересінен айрылған әже отбасы ешкімінің ала жібін аттамағанын айтып, шерін ақтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 

“БІЗ НЕ ЖАЗДЫҚ АДАМДАРҒА.”

Шерзаттың әжесі желідегі “видеоны құзырлы орган қызметкерлерінің өзі таратты” деп ащы өкінішін жеткізді.

“Бізді осы дәрежеде қорлайтындай біз не жаздық адамдарға? Біз олардан пиво сұрап, арақ сұрап магазиндеріне барғанымыз жоқ қой. Олар кінәлі адамдар емес пе? Өздері келіп, өздері тиісіп, өздері бастап тұр. Енді заң орындарына адамдары бар адамдар. Сол заң орындарындағы адамдар… Азаматсыңдар ғой сендерде! Сендердің бастарыңа түспей ме, осы күн? Алладан қорықпайсыңдар ма?! Жаратушының жоқ екеніне соншалықты дәрежедегі сенімдеріңе мен таң қаламын. Видео жоқ дедіңдер де қайтадан бөліп-бөліп оны өздеріңе ыңғайлап әр жерін кесіп-кесіп мына жері мынадай болды деп…” – дейді әжесі.

“ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚПАЙТЫНДАР”

Оның сөзінше қайғыдан арыла алмай жүрген отбасының осы бір сәтін әлдекімдер пайдаланғысы келеді.

“Мынау қатты түсініксіз жағдай. Мынау қорлау. Менің балам өліп больницада жүрдім, моргта жүрдім. Баламды қоямын деп жүрдім. Сол аралықты пайдаланып құдайдан қорықпағандар осындай видеолар шығарып, жоқ болып кеткен видеоларды өздеріне ыңғайластырып қосып жатқан азаматтардың бастарына берсін”,- деді әжесі.

“ОРАЛМАН ДЕП ОСЫ ДӘРЕЖЕГЕ АЛЫП КЕЛГЕН БОЛСАҢДАР…”

Ашынған әже бұл істің ақ-қарасын ажыратуды халықтың өзіне тапсырды. “Аталатсаң да, боталатпа” деген кейуана отбасына “оралман” мұрнын шүйіре қарағандарға жауап берді.

”Оралман деп, сырттан келгендер деп осындай дәрежеге алып келіп отырған болсаңдар… Мен елімнен ұрлық жасап, қарлық жасап қаңғып кеткен адам емеспін. Өзімнің еліме, жұртыма, атамекеніме келіп отырмын. Мен 89-да көшіп келген адаммын. Балаларым осы жерде туды. Осылардың кіндік қаны тамды осы жерге. Осы жерде оқыды саналы сабырлы азаматтар болып өсіп жатыр. Документтері бар Қазақстан азаматы деген.. Соны ой елегінен өткізіп, кішкене де халқым сабырға келіп не болып не қойып жатқанын… Қаралайсыңдар ма, ақтайсыңдар ма өздерің білесіңдер” – деп түйіндеді сөзін әжесі.

Бейнебақылау камерасының жазбасына қатысты Ulysmedia.kz тілшісі марқұм Шерзат Болаттың әкесінің пікірін сұрады. 

Қаржаубай Нұрымов бұлай жалғаса берсе әділдікке сенбейтінін, тіпті Қазақстаннан көшуге мәжбүр екенін айтты.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Другие новости

Back to top button