Госорганы

Біз салықтар мен алымдарды азайтамыз – Жұманғарин

Қазақстан Үкіметі салық реформасы аясында қолданыстағы салықтар мен салық жеңілдіктерін қысқартуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартамыз. 12 салықтың орнына 11 болады.  10 төлемнің 2-ін алып тастау ұсынылады: жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер. 3 төлем біріктіріледі: су ресурстарын пайдаланғаны, орманды пайдаланғаны және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемдер. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем болады. Бұл төлемдердегі мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады. Алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылады. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталады», — деді вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.

Сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталмақ, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқарады.

Бұған қоса Үкімет салық жеңілдіктерін де оңтайландырады.

«Салық декларацияларының деректері бойынша сомасы 3,4 трлн теңге 453 норма жеңілдік деп танылды. Бүгінгі таңда сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр. Біз бұл мәселеде ашық жаңа жүйе құрып жатырмыз. Біз салық жеңілдігі туралы түсінік береміз. Жеңілдіктерді беру, ұзарту, қысқарту шарттарын белгілейміз. Жыл сайын олардың тиімділігіне мониторинг жүргізіледі», — деді вице-премьер.

Сонымен қатар салық мөлшерлемелері сараланады.

«Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады, бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Бұл банк және ойын секторы. Мөлшерлеме 25%-ды құрайды. Қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңмен 10%-ға дейін көбейту ұсынылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ставка 3% деңгейінде қалады», — деді министр.

Айта кетері, бүгін депутаттар жаңа Салық кодексінің жобасын талқылап жатыр.

Другие новости

Back to top button