«Біз екі соғыста да жеңіске жеттік»: Трамп 8 мамырды Жеңіс күні деп жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні туралы сөз қозғап, 8 мамыр АҚШ-тың өзінде ресми түрде Жеңіс күні болуы керектігін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
«Біздің көптеген одақтастарымыз бен достарымыз 8 мамырды Жеңіс күні ретінде тойлайды, бірақ біз Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жету үшін басқа елдерге қарағанда көбірек күш жұмсадық. Осыған байланысты мен 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп, ал 11 қарашаны Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп өзгертемін», — деді Трамп.
Оның айтуынша, АҚШ бұл даталарды назардан тыс қалдырмай, атап өтеді.
«Біз екі соғыста да жеңіске жеттік, бірақ жеңістерімізді тойламаймыз, өйткені бізде оны ұйымдастыруға қабілетті көшбасшылар жоқ. Мұны өзгертетін уақыт келді», — деп қосты Трамп.
Ерекше атап өтерлігі, Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы 2 қыркүйекте Жапонияның тапсыру актісіне қол қоюымен ресми түрде аяқталды.
Айта кетейік, 2004 жылы ТМД елдерінің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 8 және 9 мамырды еске алу және келісім күні деп жариялаған болатын. Бұл даталар Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандарын еске алуға арналған және оларды ұлттық жеңіс пен азаттық мерекелерімен бірге атап өтуге арналған.