Госорганы

Біз балық шаруашылығын қағаз жүзінде ғана жақсы дамытып жатырмыз – Ғалым Әміреев

Депутат бұл мәселе шешілу үшін үнемі Премьер-министрдің жіті бақылауында болуы керек екенін айтты

Мәжілісте балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы Үкімет сағаты өтті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев отырыста баяндама жасап, балық шаруашылығы саласын дамыту туралы кеңінен баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев еліміздегі балық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

«Бізге балық шаруашылығын дамыту керек пе? Міндетті түрде керек. Табиғи су ресурстары жағынан біз көп елдің алдында тұрмыз. Каспий, Арал, Балқашты, Зайсан, Қапшағай, Алакөлді алмағанда, Қазақстанда 3 мыңнан астам көл мен кішкентай көлшіктер бар. Бірақ біз балық шаруашылығын қағаз жүзінде ғана жақсы дамытып жатырмыз», — депутат.

Ғ. Әміреев субсидия жөнінде әңгіме көтерілгенін айтып, жылдың басында субсидияға ақша сұралады екен, ол жылдың аяғында игерілмей, қайтадан бюджетке қайтарылып жатқан жағдайлар бар екенін айтты.

«Өзбекстан мен Армения балықты өсіру мен экспорттау жағынан біздің алдымызға әлдеқашан шығып кеткен. Сонда біз қалай балық шаруашылығын дамытып жатырмыз? Министрлік пен оның жанындағы бір комитет бұл саланы дамыта ала ма? Дамыта алмайды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Премьер-министр Түркістан облысында балық өсіру бойынша жиналыс өткізді. Сол кезде жақсы мәселелер көтерілді, керемет жоспарлар құрдық. Ол ақыр аяғында не болды? Қағаз жүзінде қалды. Басқасын сұрамағанда, балық шаруашылығына бөлінген, субсидияға бөлінген ақшаны игере алмай жатырмыз», — деді депутат.

Сондықтан Ғ.Әміреев бұл мәселе шешілу үшін үнемі Премьер-министрдің жіті бақылауында болуы керек екеніне мән беріп, үш-төрт жылда бір рет емес, қажет болса жылына бір рет бақылап, осы жөнінде жиналыстар өткізіп отыру қажет екеніне назар аударды.

Другие новости

Back to top button