Биыл Қазақстанда екі айда 21 мың адам көз жұмған: олардың неден көп өлгені белгілі болды

Қазақстанда биыл 2 ай ішінде 21 мыңнан астам адам қайтыс болды. Azattyq Rýhy редакциясы олардың неден көз жұмғаны туралы нақты ақпаратты Ұлттық статистика бюросынан сұратқан еді.
Статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында қалаларда – 13 273 адам, ауылдарда – 7848 адам бақилық болған.
Ең көбі – 5260 адам қан айналымы жүйесінің ауруларынан, ең азы — 4 адам ішектің жұқпалы ауруларынан қайтыс болған.
Қан айналымы жүйесі сырқатынан кейінгі қауіпті дерт — жүйке жүйесінің аурулары болып шықты. Одан 3563 адам бақилық болған. Үшінші орында — тыныс алу органдарының сырқатынан 2 263 адам өмірден өткен.
Сонымен бірге, жаңа өскіндердің пайда болуынан – 2 237 адам, жүрек ауруларынан – 1838 адам, ми қан тамырларының зақымдануынан – 1701 адам, ас қорыту органдарының ауруларынан – 1648 адам, жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан — 1 335 адам, қант диабетінен – 818 адам, тұмау мен өкпенің қабынуынан – 665 адам, инфекциялық және паразитарлы аурулардан – 160 адам, гипертониядан – 118 адам қайтыс болған.
Қыстың екі айында 224 адам көлік апатына түсіп, 13 адам суға кетіп қаза тапты.
174 адам өзіне қол салған, ал 67 адам кісі қолынан өлген. Ішімдіктен уланып, қайтқандар саны – 54 адамға жеткен.