Госорганы

Биыл мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс кірді

Осы жылдың 4 айында мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс түсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 104,6 пайызға орындалды. Республикалық бюджетке 4 трлн теңге кіріс кірді. Жоспар 92,3 пайызға атқарылды. Атқарылмаған бөлігі 336 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, салықтар бойынша жоспардың 369 млрд теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығының, шикі мұнайға экспорттық кедендік баждың және қосымша құн салығының есебінен қалыптасты», — деді ол.

Министрдің атап өтуінше, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2023 жылдың 4 айында 258 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға немесе 86 млрд теңгеге азаюына байланысты.

Сондай-ақ, оған негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа 12 пайызға төмендеуі әсер етті. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кедендік баждың нақты қалыптасқан ставкасының болжамды көрсеткішінен 14,7 пайызға төмендеуімен байланысты болды.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауының себептері: тауар, жұмыс және қызметтерді өткізу бойынша айналым сомасының 13 пайызға кемуі, қосылған құн салығы бойынша қайтарымының 37 пайызға артуы, Еуразия экономикалық одағы елдерімен импорт көлемінің 7 пайызға төмендеуі.

«Жергілікті бюджет кірісі 140 пайызға атқарылды және 2,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 607 млрд теңгеге, оның ішінде салық бойынша 565 млрд теңгеге асыра орындалды. Кіріс бойынша жоспар барлық өңірде асыра орындалып отыр», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Другие новости

Back to top button