Госорганы

Биыл халықты сумен қамтуға бюджеттен 280 млрд теңге бөлінген

Биыл халықты сумен жабдықтау жұмысына ел бюджетінен 280 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Қазақстан қалалары бойынша халықтың 98,4 пайызы сумен қамтамасыз етілген, оның ішінде СҚО, Маңғыстау, Атырау,Қызылорда, Жетісу, БҚО, Ұлытау, Ақтөбе, Алматы облыстарында қала халықтары толыққанды сумен қамтылған. Қалаларда ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Жамбыл облысында (91,9%), Абай облысында (92,8) және Ақмола облысында (95,3) байқалады», — деді Ә. Пазылбекұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Өз кезегінде ауыл халқының 94,5 пайызында су бар.

Ең төменгі көрсеткіштер – Қостанай облысында – (80,4%), Ақмола облысында (89,8%) және Солтүстік Қазақстан облысында (85%).

«Президент атап өткендей, «Еліміздің әртүрлі өңірлерінің тұрғындары таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қолжетімділіктің әртүрлі деңгейде қамтылған. Бұл теңсіздікті жою бойынша жұмысты жандандыру қажет». Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 млрд теңге бөлінді, оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны іске асыруға – 113 млрд теңге бөлінді», — деді комитет өкілі.

Бұл ретте сумен қамту көрсеткіштері төмен өңірлерге қаражат басымдықпен беріледі.

Бұған дейін спикер Қазақстан халқының 96% ауыз сумен қамтылғанын, 2025 жылы бұл көрсеткіш 100% жететінін айтқан еді.

Другие новости

Back to top button