Госорганы

«Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін»: Тоқаев Су ресурстары министрлігінің жұмысын сынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген биыл құрғақшылық қай өңірлерде болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhу.

«Жалпы, агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасалуға тиіс. Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады, яғни нақты нәтиже береді. Су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Былтыр Жамбыл облысының диқандары су тапшылығынан қатты зардап шекті. Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін», — деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ.

«Ал, көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар», — деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары.

«Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек. Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет», — деді ол.

Другие новости

Back to top button