Госорганы

Бюджеттің 81 млрд теңгесі игерілмеген, қаржы министрі себебін түсіндірді

Былтыр қазынаның 81 млрд теңгесі игерілмеді. Бұл туралы Мәжілісте 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары — Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қабылданған салық саласындағы және кедендік әкімшілендіру шараларының нәтижелері бойынша салық бойынша тексерулердің тиімділігі 3,2 есеге, кедендік тексерулердің тиімділігі 7 есеге ұлғайды. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылар бойынша камералдық бақылау аясында қосымша 104 млрд теңге өндіріліп алынды. Ірі салық төлеушілерге, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты салық бойынша 62 тексеру аяқталды. Бұл тұрғыда бюджетке шамамен 120 млрд теңге қосымша түсті», — деді Е. Жамаубаев.

Сонымен қатар, ол былтыр бюджет шығыстары 98,6%-ға атқарылғанын және 18,5 трлн теңге болғанын еске салды. 262 млрд теңге сомасындағы қаражат бойынша міндеттер атқарылмаған.

«Оның ішінде 181 млрд теңге – Үкімет резерві бойынша үнемделген ақша және өзге де үнемдеу. Бюджет кодексіне сәйкес, бұл шығыстар игерілмеген деп есептелмейді. Сондықтан, таза игеру 99,6% деп айтуға болады. Игерілмегені – 81 млрд теңге. Игерілмеудің негізгі себептері: өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың ұзақ өтуі немесе оң қорытындысының болмауы, орындалған жұмыстар актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы», — деді министр.

Айтуынша, жыл соңында республикалық бюджетте елеулі кассалық қалдық қалыптасқан.

«Бюджет заңнамасына сәйкес, бұл қаражат келесі жылға өткендіктен, осы қалдықтар есебінен биылғы бюджетті қаржыландыруға мүмкіндік алдық. Жалпы, республикалық бюджеттен 39 мемлекеттік орган қаржыландырылды, олар бойынша 2 054 тікелей нәтиже көрсеткіші және 474 түпкілікті нәтиже көрсеткіші бекітілген болатын. Бюджетті атқару нәтижесінде көрсеткіштердің шамамен 90 пайызына қол жеткізілді», — деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Е. Жамаубаев былтыр республикалық бюджет кірістері 101,9%-ға атқарылғанын айтты.

Другие новости

Back to top button