Атырауская область

«Бишімбаев сияқты дау болады деп қорқытты»: Бұрынғы әйелін ұрды деп айыпталған экс-әкім сотта өз нұсқасын айтты

Атырауда бұрынғы әйелін ұрып-соғып, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовке қатысты сот отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

12 маусым күні өткен сотта күдіктіден жауап алынды. Ринат Ибрагимов бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиеваның арандатуы шамамен екі жыл бұрын басталғанын айтты. Оның айтуынша, олардың арасындағы жанжал 2023 жылдың 31 мамырында Ақмарал балаларды үйде жалғыз қалдырып, фитнеске кетіп қалған кезде басталған.

«Мен Мақат ауданының әкімі болып 2022 жылдан бері жұмыс істеймін. Қызметте жүргенде түрлі арандатушылық болып тұрады, бірақ заңды әйеліммен мұндай жағдай болады деп ойламаппын. Сол күні мен анама бір сағаттан кейін үйге келетінімді ескерттім, бірақ олар тойда болды. Үйге келгенде ұлым мен қызымның үйде жалғыз отырғанын, тағы бір қызымның жоқ екенін білдім», – дейді Ибрагимов.

Ол Үмбетқалиеваға бірнеше рет қоңырау шалғанын, бірақ оның жауап бермегенін айтты.

«Сосын әкеме қоңырау шалып, қызымды сабақтан әкелуін өтіндім. Кешкі сағат 9-10 шамасында қызым үйге келді жаңбыр жауып, оның киімдері дымқыл болды. Қазір қоғамда түрлі жағдай болып жатыр, мен Ақмаралдан “қызың үшін қорықпайсың ба?” деп сұрадым. Қызым ол оқиғаның жалғыз куәгері, оның сөзін естідіңіздер.

Ұрыс болды, бірақ ұрып-соғу болған жоқ. Мен оған оның істегені дұрыс емес екенін айттым. Бөлмеге кіріп, киініп үйден шықтым. Осы кезде ол қыздарға жиналыңдар деді, бірақ олар ешқайда бармайтынын, қалатынын, оларға 2013 жылдан бері әжесі қарайтынын айтып, жауап берді. Сосын қыздарды тастап, кішкентай ұлымызды алып, аулада серуендейтінін айтып, кетіп қалды», – деді Ибрагимов.

Сондай-ақ ол әйелі оны жұмыстан шығарамын деп қорқытқанын айтты. Оның айтуынша, осы мақсатта Үмбетқалиева президент әкімшілігіне күйеуімен арасында болған жеке хат-хабарларын жолдаған.

«Ол мұны әлеуметтік желіде жария етемін деп қорқытты. Әйелімді мұндай қадамға біреу итермелеп немесе көндірген шығар. Қазір әйелім істеп жатқанның бәрі балаларға әсер етеді. Оның барлық әрекеті мені жұмыстан шығаруға бағытталған деп есептеймін», – деді Ибрагимов.

Ибрагимов әлеуметтік желідегі көп қысымға байланысты қызметінен кетуге мәжбүр болғанын, балалардың жанын жараламау үшін осындай шешімге келгенін айтты. Сотталушының айтуынша, бұрынғы әйелі отбасын сақтап қалу үшін оған бірнеше шарт қойған.

«Мен оған 19 миллион теңге мен көлік бердім. Оның басты шарты баспана алу болды. Осы уақытқа дейін хабарластық, сотқа дейін кездестік. Сот басталғаннан кейін бәрі өзгерді. Қазір қыздары да анасын көргісі келмейді. Ол мені жұмыстан шығаратынын, бәрінен айырылатынымды айтты. Мен бәрін жасадым, бірақ бәрі бекер болды. Ол пәтер сұрады, мен оған ақша тауып бердім, достарым да көмектесті. Ата-анам үнемі көмектесіп жүрсе де, ол олар туралы да жаман сөздер айтты. Мен Ақмаралдың әрекетінде үшінші тұлғалардың бар-жоғын білмеймін, бірақ бұл мәселеден оған ешқандай пайда жоқ. Мен одан тоқтатуын өтіндім, бірақ ол қоқан-лоқыларын жалғастырады берді. Ол мені жұмыстан шығаратынын айтты, дегеніне жетті. Ол әлеуметтік желілерде Бишімбаев ісі сияқты дау болатынын айтты, солай істеді», – деді Ибрагимов.

Сотта қойылған сұрақтардың біріне жауап берген экс-әкім Үмбетқалиеваның омыртқасын өз бетімен жарақаттап алуы мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, жәбірленуші жиі белінің ауыратынын айтып шағымданған.

«Мен оған фитнеске жылдық абонемент сатып алдым, ол үнемі белінің ауыратынын айтып шағымданданатын, сондықтан ол бұл жарақатты басқа жағдайларда алған деп ойлаймын», – деді бұрынғы әкім.

Іс бойынша келесі сот отырысы 14 маусымда өтеді.

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда Мақат ауданы әкімі бұрынғы әйелін ұрып-соғып, азаптап келген деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.

Другие новости

Back to top button