«Бірге кітап оқиық»: Берік Уәли «Ұшқан ұя» кітабын таңдап, эстафетаны Аида Балаеваға берді
Қазақстанда басталған ауқымды «Бірге кітап оқиық» жобасына бірінші болып ҚР Президентінің Кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли қатысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, жобаның жүргізушілері блогер-журналист Санат Ілияс пен журналист Жаңабике Қабылда Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романын оқып, жобаның шымылдығын ашып берген еді.
«Әр он күн сайын келесі оқылатын кітап жарияланып, күн сайын оның оқу барысы мен талқылануы YouTube платформасында, TikTok, Instagram желілерінде шығып отырады. Соңында кітап авторымен немесе белгілі жазушы-публицистпен не болмаса кітаптағы кейіпкермен тағдырлас адаммен сұхбат ұйымдастырылады. Жобаның мақсаты еліміздің және шетелдік жазушылардың туындыларын халық арасында кеңінен насихаттау және жаппай кітап оқитын ұлтқа айналдыру. Сондай-ақ ата-аналарды балаларымен бірге кітап оқуға шақырып, отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыру. Балалар мен жасөспірімдердің арасындағы кітап оқуға қызығушылықты бәсекеге айналдыру», — дейді жоба авторлары.
Ал, жобаның алғашқы қатысушысы ҚР Президентінің Кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли болды. Ол өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев кітапты көп оқитынын және Мемлекет басшысының жаппай кітап оқитын ұлтқа айналдыру идеясына әр адам өз үлесін қосу керек екендігін айтты.
«Берік Уәли келесі оқылатын туындыға Бауыржан Момышұлы атамыздың «Ұшқан ұя» романын таңдады. Ал «Бірге кітап оқиық» аманатын одан әрі жалғастырып келесі шығарманы анықтауды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханымға ұсынды», — деп хабарлайды авторлар.
Айта кетейік, жоба ережесі бойынша:
1. Жобаға қатысушы әлеуметтік желі арқылы халық арасында он күн бойы талқыланған (өзіне ұсынылып отырған) шығармадан үзінді келтіреді.
2. Ұнаған кейіпкері туралы өз ойын айтады.
3. Келесі оқылатын кітапты анықтайды.
4. Келесі оқылатын кітаптың 10 данасын жүргізушілерге сыйға тартады. (Бұл кітаптар сұрақ-жауап жеңімпаздарына тарту етіледі).
5. Ол туындыдан кейін оқылатын шығарманы анықтау үшін «Бірге кітап оқиық» аманатын келесі адамға ұсынады.
6. Әріптестеріне осы оқылатын кітап жөнінде өз пікірлерін әлеуметтік желіде білдіруге кеңес береді.