Белгілі академик, математик Асқар Жұмаділдаев спортшыларға қымбат сыйлық беретін Үкіметті сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Ой-лайық” подкастына сұхбат беріп, спорт пен білімді бөлетіндерге үндеу жасады.
“Кеше бір чемпион шықты. Біреудің мұрнын бұзып еді, оған машина да берді, жүз жылқыны да берді, түйені де берді. Әлі де беріп жатыр. Ойлап қарасаңыз, осындай жетістіктерге балаларымыз да жетіп жатыр ғой. Математикадан жыл сайын ұтып жатыр. Жыл сайын медаль әкеліп жатыр. Неге соларға ең болмағанда біреуі бір велосипед бермейді?! Меценаттар көмектесе болады ғой. Бір спортшы шықса, оған үйіп-төгіп Үкіметтен бастап береді. Кейін допинг қолданды деп шыға келеді. Кезінде бүкіл зілтемірші допингпен ұсталды. Солардың біреуі де сыйлығын қайтарған жоқ», — деп күйінді ғалым.
Еске салайық, Париж олимпиадасының жүлдегеріне мемлекет қанша сыйлық беретіні белгілі болған еді.
Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Париждегі Олимпиада ойындарында алтын иеленгені үшін 250 мың доллар алды. Күміс жүлдеге жалпы 450 мың доллар бөлінген. Бұл сыйақыны спорттық гимнастикадан өнер көрсеткен Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен қатысқан Демеу Жадраев пен боксшы Нұрбек Оралбай алды. Ал қола жүлденің жалпы сомасы 300 мың доллар. Аталған сыйақыны пневматикалық винтовкадан атудан Александра Ле және Ислам Сәтбаев, дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбай алды.