ГлавноеГосорганы

«Бір отбасы перзенттерінің қаражатын біріктіруге болады»: Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын ақшаны кімдер, қалай ала алады?

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында бір отбасы балаларының бәрі 18 жасқа толғанда ғана олардың қаражаттарын біріктіруге болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

Кейбір заңнамалық актілерге Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Дәулет Мұқаев бір отбасы балаларының қаражатын біріктіру мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.

«Үйде ағайынды балалар болады. Үлкені 17 жаста делік. 3 500 долларды 18 жылға есептегенде, ол бір жылға 200 доллар ғана алады. Бұл қаражат білім алуға да, үй алуға да жетпейді. Оның артынан еріп келе жатқан бауыр-қарындастарына ақшасын аудару мүмкіндігі бар ма?», — деп сұрады Дәулет Мұқаев.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың сөзінше, бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы ақшасы 10 жыл сақталады.

«Бір отбасының балаларының бәрі 1 жылда 18 жасқа толмайды. Сондықтан соңынан ерген бауырларының жасы 18-ге толған сәтте ғана қаражаттары біріктіріледі. Осыған дейін қолданылып келген зейнетақы қорынан ақша алу тетігімен бірдей болады. Бұл заңда көзделген», — деді депутат.

Айта кетсек, әзірленген жобаға сәйкес, ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылып отыр.

«Біріншісі – тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екіншісі – білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтарға ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді», — деді депутат төменгі палатаның жалпы отырысында.

Заң жобасына сәйкес, егер бала Қазақстан азаматтығынан шықса, төлемдерді ала алмайды.

Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-і 18 жасқа дейінгі барлық балаға теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарланып отыр.

Бала 18 жасқа толғанға дейін аударылған қаражат ұлттық қорда болады, ал Ұлттық банк оны қаржы құралдарына инвестициялайды. Бұл қаражатты бала 18 жасқа толған кезде ғана ала алады.

«18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады», — деді Шапақ.

Сондай-ақ, ұсынылған түзетулер аясында:

қаражаттың қолды болуына;

қаражатты өндіріп алуға;

қаражат бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға;

клиенттің келісімінсіз ақша алуға;

банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге жол берілмейді.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүргізеді.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Другие новости

Back to top button