Образование

«Бір оқушыға 235 мың теңге»: Қазақстандық ата-аналар мектеп түлектерінің соңғы қоңырау мен бітіру кешіне қанша ақша жұмсады

Қаланың мектеп бітіруші түлегі соңғы қоңырау мен бітіру кешіне киген киіміне 50 000 теңге жұмсаса, қыз бала бір кешке киетін көйлегіне 85 000 және соңғы қоңыраудағы киіміне 15 000 теңге шығындаған. Ал ауыл мектебін бітірген қыздың бір соңғы қоңырау рәсіміне киген киіміне 30 мыңдай теңге кеткен. Бұған шаш үлгісі, бет әрлеуі, кірпік жабыстыруын қосыңыз. Stan.kz ақпарат агенттігі биыл мектеп бітіріп жатқандар қанша шығын жұмсағанын анықтап көрді.

 

Алматылық Эльмираның ұлы биыл мектеп бітіріп жатыр. Олар ұлдың соңғы қоңырау мен бітіру кешіне киетін киіміне 50 000 теңге жұмсаған. Ал сыныптастары мен мұғалімдерімен бірге түсетін фотоалбомға (виньетка) 25 000 теңге төлеген. Сонымен қатар бітіру кешіне 20 000 теңге төлеп қойыпты. Ата-анасы өздері барғаны үшін бұл сомадан бөлек төлейді. Сонда ұлдың мектеп бітіруіне 95 000 теңге жұмсалып тұр.

Ұлдың мектеп бітіруіне кеткен шығын:

  • Киім – 50 000 теңге
  • Фотоальбом – 25 000 теңге
  • Бітіру кешіне – 20 000 теңге

Қалада мектеп бітірген ұлдың жалпы шығыны – 95 000 теңге

«Ұл балаға салыстырмалы түрде аз кетеді ғой. Қызға көйлек керек, шашы мен бетін әрлеуі, ұстайтын сөмкесі, тағатын әшекейі тағы бар. Сондықтан осы шығын өзіміз үшін қалыпты, қолжетімді болып тұр. Алдын ала дайындалдық дей алмаймын. Біз оқитын мектепте мұғалімге сыйлық, гүл, анау-мынауға ақша жинатпайды, беруге рұқсат жоқ. Бірақ ата-аналар жиналып, мектепте сыйлық жасайық деп шештік. Өзіміз мектептке арнайылап музыкалы қоңырау алдық. Бұған директорды әрең көндірдік», – дейді алматылық ата-ана.

Ал Алматыда тұратын қыздың мектеп бітіруіне бұдан екі есе шығын кеткен. Бұл туралы Айсұлу айтып берді. Әйел қызының соңғы қоңырауда киген көйлегіне 15 000 теңге, ал бітіру кешіне киетін көйлекке 85 000 теңге жұмсаған. Бұдан бөлек фотоальбомға фотоға түсу үшін арнайы киім алған, оның бағасы – 30 000 теңге. Аяқкиімі 20 000 теңгеге шыққан. Киімдерден бөлек фотоальбомға 20 000 теңге, бітіру кешіне 25 000 теңге, кортежге 20 000 теңге, мұғалімдерге сыйлыққа 10 000 теңгеден жинаған.

Қыздың мектеп бітіруіне кеткен шығын:

  • Соңғы қоңырауда киген көйлегі – 15 000 теңге
  • Бітіру кешіне киетін көйлегі – 85 000 теңге
  • Топылайы – 20 000 теңге
  • Фотоальбом – 20 000 теңге
  • Фотоға түсу үшін киген киімі – 30 000 теңге
  • Бітіру кеші – 25 000 теңге
  • Кортеж – 20 000 теңге
  • Мұғалімдерге сыйлық – 10 000 теңге
  • 25 мамырдағы шаш пен бет әрлеуіне – 10 000 теңге

Қалада мектеп бітірген қыздың жалпы шығыны – 235 000 теңге.

«Қызым оқу бітіріп жатқанын білген соң алдын ала іштей дайындалып жүрдік. Үнемдейміз деп ойламадық. Қалада оқу бітіріп жатыр, мектепті бір-ақ рет бітіреді. Өзі алтын белгіге үміткер. Сондықтан бәрін алып беріп жатырмыз. Қалағанындай болсын әрі қатарынан қалмасын», – дейді ата-ана.

Ал Түркістан облысы, Отырар ауданы, Мыңшұңқыр ауылының тұрғыны Жанат Әбілқасымова қызының мектеп бітіруіне біраз шығындалыпты. Бірақ бәрі керек дүниелерге жұмсалған. Мысалы:

  • Фотоальбом – 30 000 теңге
  • Фотоальбомға киім – 8000 теңге
  • Фотоальбомға аяқкиім – 6000 теңге
  • Аяқкиімі – 12 000 теңге
  • Алқа, жүзігі – 2500 теңге
  • Шашы мен бет әрлеуіне – 10 000 теңге
  • Соңғы қоңырауда жасатқан кірпігі – 11 000 теңге
  • Маникюр – 4 000 теңге
  • Шашына – 3500 теңге
  • Форма – 8000 теңге
  • Аяқкиімі – 6000 теңге

Ауылда оқитын қыздың мектеп бітіруіне кеткен шығын – 100 000 теңге (Бітіру кешін қоспағанда).

Қызы Жадыра бүгін ғана аттестат алыпты. Қазір ҰБТ-ға дайындалып жүр. Дайындық курсына 191 000 теңге жұмсапты, 6 айдай оқытқан. Әзірше оқушылар мен ата-аналар бітіру кешіне ешқандай ақша жинамапты. Бірақ Жанат Әбілқасымова қызының мектеп бітіргендегі шығынын бүкіл тестке дайындығымен қоса есептеп, 360 280 теңге деп шығарыпты. Бұл жерге жүріс-тұрысы мен тамағы қосылмаған дейді ата-ана.

«Алдын ала дайындық болған жоқ. Мұның алдында да қыздарыма осылай шығындалғанбыз. Тек жылдан жылға қымбаттап бара жатыр. Бірақ бітіретінін біліп, шамалап ескеріп жүрдік. Енді бітіру кеші қалды. Оны өткізуге қосамыз. Сосын оған киетін көйлек алып береміз. Шашы мен макияжын істетеді ғой», – деді Мыңшұңқыр тұрғыны Жанат Әбілқасымова.

Аталған шығынның ішінде құжаттарға, гүлге, лента мен басқа да ұсақ-түйектерге жиналған қаражат жазылмаған. Дегенмен ата-аналар мұндайға көп шығындалмадық дейді. Байқағанымыз қалада мектеп бітіріп жатқандар ауылдағы оқушыларға қарағанда көп шығындалады. Ал ауылдағы жұрт орналасқан жері мен кортежге міну мүмкіндігі бар-жоғына қарай қаражатты әрқайсысы әртүрлі жинап жатыр. Қазір мектеп түлектері аттестат алып, ҰБТ тапсырып жатыр. Кейбірі бітіру кешін ойлауға шама келмей жатқанын айтты.

Еске салайық, 16 мамырда ғылым және жоғары білім министрлігі биыл мектеп бітіретін оқушылар ЖОО-ға түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден қанша бал жинау керек екенін жазған едік. Министрлік жоғары білім беру бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған гранттардың тізімін жариялады. Биыл жоғары оқу орындарында оқуға 112 мың грант бөлінген. Соның ішінде бакалавриатқа түсу үшін 79 мың, магистратураға 13 мыңға жуық, докторантураға түсуге 1 900-ден астам грант бөлінді.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша ҰБТ-дан ең жоғары 138 балл жинаған Түркістан облысы, Кентау қаласының түлегі Айдос Қожанов тестілеу нәтижесінен алған әсері туралы айтқан еді. Ол көпбалалы отбасыдан шыққан.

Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығы бакалавриатқа оқуға түсуге қажет шекті балды жариялады. 2024 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» білім беру саласы бойынша шекті балл өзгерді.

Другие новости

Back to top button