Выбор редакцииИнтервью

Бір күнде 17 адамның мәйітін көргенмін – Тахир Халимназаровтың әйелі қорқынышты кездерін есіне алды (ВИДЕО)

Бұған дейін хабарлағынымыздай, атақты сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаров пен әйелі Рината Тагирова ұзақ жылдар бойы бір салада жұмыс істеген. Рамина Байжанбаеваға сұхбат берген Рината Тагирова жұмысындағы ең қорқынышты сәттерді еске алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, сот-медицина сарапшылары алдымен оқиға орнына барып, мәйітті толық тексеруден өткізіп, қағазға жазып алады. Рината Тагирова Алматыдағы ең қорқынышты оқиғалардың салдарын өз көзіммен көргемін дейді.

«Әрине, сот сарапшысының жұмысы өте ауыр әрі қайғылы. Оның үстіне, неге екенін білмеймін, дәл мен кезекші болған күні Алматыда ең ауыр оқиғалар орын алатын. Алматыдағы терроризмге қатысты алғашқы оқиғалар есіңізде шығар, қателеспесем, 2011 жыл. Қыстың суқы күні еді. Бізді оқиға орнына кіргізбей тұрып саперлар жарылатын заттардың бар-жоғын тексеріп шықты. «Таза» деген соң, біз ішіне кіріп, әр мәйітті тексере бастадық. Мен жерге етпеттеп құлап, қаза тапқан адамның мәйітін қарай бастадым. Арқасын тексеріп болып, әлгі мәйітті аударып қалсам, ішіне граната байлап өліпті. Сол сәтте бүкіл өмірім көз алдымнан өте шықты», — деген Рината Тагирова көз жасына ерік берді.

Айта кетейік, ол оқиға 2011 жылы 3 желтоқсан күні Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кентінде болған. Атыс кезінде бес террорист пен арнайы қызметтің екі жауынгері қаза тапқан болатын. Рината Тагированың айтуынша, абырой болғанда, саперлер гранатаны залалсыздандырып үлгерген.

Рината Тагирова сондай-ақ 2019 жылы 27 желтоқсанда болған ұшақ апатын еске алды.

«Ол ішкі рейс еді. Біз шұғыл оқиға орнына бардық. Шынымды айтсам, адамдардың ішкі органдарынан бастап әр мүшесін жан-жақтан жинап алдық. Маған тексеруге екі мәйіт берілді. Біреуі – ер адам, экипаж мүшесі. Екіншісі әйел адам. Жерлегенде туыстары шошымасыншы деп, әйелдің дене мүшелерін шамам келгенше тігіп қойдым…негізі біздің жұмысымыз өте ауыр», — дейді тағы да көзіне жас алған ол.

Жалпы, ұзақ жылғы еңбек тәжірибесіндегі ең ауыр күндерді еске алған ол тәулігіне жиырма адамға жуық адамның мәйітін тексергенін айтты.

«Мен бір күнде 17 адамның мәйітін көрген адаммын», — деді ол.

Другие новости

Back to top button