Северо-Казахстанская область

Бір жылда 9 мыңға жуық адам солтүстікке қоныс аударған

Былтыр 8 903 адам өз еркімен солтүстікке қоныс аударды. Оның ішінде қоныс аударушылар — 6 492, қандастар — 2337 адам. Бәріне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланған қазақстандықтар өз өміріндегі оң өзгерістерді атап өтті.

Соның бірі — Құралай Масатбаева. Ол отбасымен 2021 жылы Астанадан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына көшіп келді.

«Көшкеннен кейін отбасымызға 612 570 теңге сомасында көшуге материалдық көмек берілді, сондай-ақ бізге қаладан мемлекеттік жалға берілетін тұрғын үй берілді», — дейді ол.

Құралай Масатбаеваның «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша жоғары білімі бар.

Өткен жылы 1 млн 380 мың теңге сомасына мемлекеттік грант алып, шағын кондитерлік дүкенін ашты.

«Декреттік демалыста үйде өз ісімді ашуды, балалардың қасында болуды армандайтынмын. Тайынша ауданының жұмыспен қамту орталығына барып, қайтарымсыз грант туралы білдім. Қоныс аударушы болғандықтан қайтарымсыз грант берілетіндер санатына кіретінімді айтып, барлық сұрақтар бойынша кеңес берілді. Осындай мүмкіндікті бос жібермей, өзімнің бизнес-жоспарымды қорғап, мемлекеттен грант алдым», — деп бөлісті кәсіпкер келіншек.

Ұлттық жоба аясындағы мемлекеттік қолдау шаралары:

  • көшуге арналған субсидия –отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек;
  • отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
  • қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;
  • жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
  • Экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Өткен жылы барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды, оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашуға грант алды.

Другие новости

Back to top button