Бір жасар баланың қолын шығарып жіберген: тәрбиешіге небәрі 10 АЕК айыппұл мен жұмысынан қуу жазасы қолданылды

Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы «Жібек жолы» балабақшасында болған оқиғаға байланысты ата-ананың шағымы негізінде арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Lada.kz мәліметінше, облыстық білім бөлімі комиссияның тексеруі барысында тәрбиеші мен күтуші қызметінен босатылғанын жазды. Тәрбиешіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігіне сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
«Сонымен қатар, оқиғаға қатысты ақпарат құзырлы органдарға жолданды. Қазіргі уақытта бүлдіршін басқа балабақшаға ауыстырылды», — деп атап өтті білім бөлімі өкілдері.
Айта кетейік, бұл оқиға Басқұдық ауылындағы жекеменшік балабақшада болған. Тәрбиеші 1 жас 6 айлық бүлдіршіннің қолын бұрап жіберген. Сәби жарақат алғанына қарамастан медициналық көмек көрсетпеген.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы баланың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу немесе тәрбие беру міндеттерін орындамау үшін жауапкершілік жүктейді. Бұл бап бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.