ГлавноеШымкент

«Бір әйелдің бес баласы қалды»: Шымкенттегі бес адамды өлтірген автобус оқиғасы

Қаза тапқандар арасында екі оқушы қыз болған

Шымкенттегі бес адамның өліміне себеп болған автобусқа жауапты компания лицензиясынан айрылуы мүмкін. Полиция департаменті жергілікті әкімдікке осындай ұсыныс хат жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhyагенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Шымкенттегі жүргізушісіз жүйіткіген автобустың видеосын көрудің өзі қорқынышты. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жолдың қарсы бетіне өткелі тұрғандар жолаушылардың қоғамдық көлік астында жаншылған көрінісі жүректі ауыртады. Автобус қаққан алты адамның бесеуі жан тапсырды. Періштесі қаққан 18 жастағы қыз ауруханада.

«Қазір науқас нейрохирургия бөлімінде қажетті емін қабылдап жатыр. Қазірге науқастың жағдайы орташа деңгейде саналады. Емді толық дәрежеде алып жатыр», — деді, № 1 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Елдар Смағұлов.

Қаза тапқандар кешкісін жұмыстан қайтқандар екен. Араларында мектеп жасындағы екі оқушы болды. Құрбысын ертіп, сол күні анасына көмектескен көрінеді. Болған жағдай жанға батты деген әріптестері жылу жинап жатыр.

«Біріншісі – біздің Азиза деген әпкеміз, сатушы боп істейтін. Артында бес бала-шағасы қалды. Екінші қыз – Азатхан Айзада, ол қыздың мүгедек анасы бар, сол кісінің жалғыз асыраушысы еді. Үшіншісі – Амина деген мектеп оқушысы, ол мамасының орнына сол күні саудаға шыққан. Ол да сол жерде, қасында құрбысы болған. Төртінші қыз — Камила деген сол қыздың құрбысы. Екеуі бағдаршам алдында қатар тұрған. Бесінші қыз – Рахима «Плазаға» жақын жерде керемика сататын дүкеннің сатушысы. Ол да жас қыз», — дейді Айдана Рақымбаева.

Тасымалдаушы компания өкілі соңғы аялдамадан соң жолаушы мінбей тұрып жүргізуші дәретханаға асығыс түскен дейді. Автобустың техникалық ақауы болмағанына 100 процент сенімдімін деген басшы тізгіндегі кісі автобустың қол тежегішін тартпағанын айтады. Білуінше, алғашында қоғамдық көлік 30-40 секундтай сол орында тұрған.

«Қолмен тежегішке қойылмаған. Одан кейін автобус адамдарды соғып тоқтаған жерінде екі адам автоустың есігін ашып көрген. Бірақ қол тежегішке тиіспеген. Одан кейін барып жүргізуші соңында келіп тежегішке қарай созылып, кейінірек барып тартып қойған», — дейді, «Shymkent Bus» компаниясының директоры Азат Қайыпбеков.

Ал автобустың өздігінен жүріп кетуіне нақты не себептігін полиция анықтап жатыр. Бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды.

«Қазіргі таңда ҚР ҚК 345 бабы 4-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалған. Автобус жүргізушісі қамауда. Және бізге Шымкент қалалық әкімшілікке «SHYMKENT BUS» фирмасының жолаушылар тасымалдау лицензиясынан айыру туралы ұсыныс жолданды», — деді, Шымкент қ. Полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Нұрдәулет Сүйеубеков.

Осы жағдайдан кейін қала тұрғындары автобуста жалғыз жүргізушіні қалдырмай, жанында кондукторды қайтарсын деген мәселені көтеріп жатыр. Өйткені біраз уақыттан бері жолдағы төлемдерді де жүргізуші жалғыз өзі бақылайды. Алайда жолаушылар тасымалына жауапты басқарма өкілдері бұл мәселеге әзірге өзгеріс енгізілмейтінін жеткізді.

Другие новости

Back to top button