Бір адам көз жұмды: Есікте төрт адамды қағып, ізін суытқан жүргізуші ұсталды (ВИДЕО)
Есікте төрт адамды қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды. Оқыс оқиғадан жарақат алған бір адам ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 14 қарашада жүргізуші Есік қаласы Алтын Адам аллеясы көшесімен келе жатып, төрт жаяу жүргіншіні қағып, кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
«Жол апаты салдарынан 16 жасар қыз аудандық ауруханаға жатқызылды. 15 қараша күні таңертең ол алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Жол-көлік оқиға фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 18 жастағы жергілікті тұрғын ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Өңір полициясы жол қауіпсіздігі талаптарын бұзбауға және ҚР Жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Көлік басқару кезінде басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігі сізге байланысты екенін ұмытпаңыз», — делінген департамент хабарламасында.