Выбор редакцииГлавноеЭкология

Биологиялық алуантүрлілікті сақтау ісі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі тірегі

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұрынғы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) биология факультетінің түлектеріне, оның ішінде:

— ҚР ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлық иегерлеріне;

— кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне, журналистерге;

— ҰҒА-ның, басқа салалық ҒА академиктері мен мүше-корреспонденттеріне, ҒЗИ-тарының, ЖОО-ның басшыларына, биология факультеттерінің экс-декандарына, табиғат қорғау саласындағы ғалымдарға, мамандарға, азаматтарға

 

ҮНДЕУ 

Құрметті әріптестер! Ардақты ағайын! Бауырлар!

Біздің бүгінгі қоғамдағы «Жаңа Қазақстан» идеясы басты ұстаным болса, оның маңыздылығы және ауқымды құрамдас бөлігі биологиялық алуантүрлілік мәселесі болып тұрғаны бұлтартпас  ақиқат. Президентіміз Қ. К. Тоқаев БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІ сақтап қорғау, парықпен-парасатпен пайдаланудың бір сөзбен айтқанда – тұрақты игеріп, басқарудың маңызы туралы барлық деңгейлердегі – халықаралық, мемлекетаралық, ұлттық саяси мінберлерден айтып келеді.

«Биологиялық алуантүрлілік» дегеніміз – жер бетіндегі барлық экологиялық кешендер мен экожүйелер құрамына кіретін барлық тірі организмдердің өзгергіштігі; бұл түсінік түрлер шегіндегі және түраралық алуантүрлілікті және экожүйелер алуантүрлілігін қамтиды, яғни биоалуантүрлілік құрылымы жасушаішілік ультра құрылымдық органеллалардан бастап, жасушалық, тіндік, органдық, организмдік, популяциялық, түрлік және экологиялық жүйелер мен ландшафтық деңгейлерін қамтиды. Бұл биоалуантүрлілікті тұрақты игеріп басқару үшін молекулалық биологиядан, цитология мен гистологиядан, анатомиядан, физиологиядан, генетикадан, ботаникадан, зоологиядан, микробиологиядан, биогеографиядан білікті мамандар болуын міндеттейді.

Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау және парықты пайдалану жөніндегі ұлттық стратегиясындағы (Көкшетау 1999) мәліметтер бойынша еліміздің жер аумағында 12 ландшафттық типтері (5 жазықтық, 7 таулық ландшафт типтері) бөлініп қарастырылған. Осы ландшафт типтерінің құрамында 900-ден аса табиғи кешендік (ассоциациялық) типтер тіркелген. Қазақстандағы өсімдіктер әлемінің түрлік-алуантүрлілігі – 14 мыңдай бірліктен құралған.

Оның ішінде жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер –  6350 түр, саңырауқұлақтар – 5000-дай, қыналар – 490-дай, балдырлар – 2000 аса, мүктер – 500-дей түр. Жануарлар мен омыртқасыз жәндіктер дүниесін 82 мыңдай түр құрайды, оның ішінде омыртқалылар 1645 түр: сүтқоректілер – 422 түрі мен түр тармағы, құстар – 938 түр мен түр тармағы, рептилиялар (бауырмен жорғалаушылар) – 85  түр мен түр тармағы, амфибиялар (қосмекенділер) 21 түр мен түр тармағы, балықтар – 175 түр мен түр тармағы, дөңгелек ауыздылар – 3 түр. Омыртқасыздар мен жәндіктер дүниесі 80 мыңдай түрден тұрады. Оның ішінде: теңқанаттылар – 800-дей түр, қоңыздар –1600-дей, жарғаққанаттылар – 6400-дей, қосқанаттылар – 26400-дей, көбелектер –12000-дай, моллюскалар – 4800-дей, өрмекшітәріздестер –17600-дей, шаянтәріздестер – 5600-дей, буылтыққұрттар – 4800-дей түрі.

Қазақстанның биоалуантүрлілігін игеріп, тұрақты басқару ісін қамтамасыз ететін мамандар Қазақ Ұлттық университеті Биология факультетінде дайындалатын. Осыдан 20-25 жыл бұрын биология факультетінде биология саласында қажетті 24-25 мамандық бойынша 13-14 кафедра болатын, нақты оқу бағдарламалары мен ғылыми әдістемелік практикумдар өтетін.

Реформалар толқынынан кейін бүгінгі күні биология факультетінде 4 кафедра ғана қалған. Жоғарыда атап өткен Қазақстан биоалуантүрлілігінің құрамына қатысты ботаниктер, микологтар, альгологтар, бриологтар, зоологтар, орнитологтар, ихтиологтар, энтомологтар, арахнологтар, аннелидологтар мен биогеографтар, геоботаниктер, генетиктер, өсімдік және жануарлар физиологтары, биохимиктер, молекулалық биологтар, экологтар сияқты мамандардың толыққанды дайындалу үшін қажетті оқу бағдарламаларын осы 4 кафедраға сыйғызу мүмкін еместігі түсінікті жағдай болса керек. Сондықтан ҚР Президенті Қ. К. Тоқаев саяси міндеттеген биоалуантүрлілікті тұрақты игеріп басқаратын маманданды іс жүзінде, әрі толыққанды дайындау үшін Ұлттық университеттің Биология факультетінің кафедралық құрамы мен оқу бағдарламаларын 1991 жылғы үлгіде қалыптастыру керек деп ойлаймын.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде биология ғылымына бет бұрған жас мамандардың қатары сиреп, табиғатты зерттеу мен қорғау ісінде буын алмасу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Жастарды осы маңызды салаға тарту – еліміздің болашағы үшін стратегиялық міндет. Биологиялық алуантүрлілік саласындағы ғылым мен өндірістік тәжірибе арасындағы байланысты күшейту – уақыт талабы. Биологиялық алуантүрлілікті сақтау ісі – ұлттық қауіпсіздіктің, азық-түлік және экологиялық қауіпсіздіктің негізгі тірегі екенін естен шығармауымыз керек.

Сондықтан, сіздерді Жоғары ғылыми-техникалық комиссия төрағасы, Премьер-министрдің атына ұжымдық хат немесе үкіметке петиция жолдауды ұсынамын. Әріптестерім әрі бауырларым ретінде қолдайды деп үміттенемін.

 

Құрметпен және үмітпен,

биолог. ғыл. докторы, профессор,

Қазақстан Ұлттық аграрлық

ғылымдар академиясының академигі,

ҚР  Педагогикалық ғылымдар

академиясының академигі,

Моңғолия  ұлттық ғылым академия-

сының академигі, ҚР биоалуантүрлілікті

қорғау, парықты пайдалану ұлттық

стратегиясын дайындаған авторлар

ұжымының мүшесі                                                                                     

Аралбай Н. К.

 ФОТО: https://orda.kz/jekologicheskie-vyzovy-i-reshenija-sohranenie-prirody-v-kazahstane-383490/

Другие новости

Back to top button