Образование

Білім саласында үш жылда 300-ден астам жемқорлық фактісі анықталған

Соңғы үш жылда мектепке дейінгі, орта және арнайы білім беру саласында 300-ден астам жемқорлық фактісі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім беруді қаржыландырудағы сыбайлас жемқорлық қатерлеріне бірлескен талдау жүргізуге уағдаласып отыр. Мұндай шешім жемқорлыққа қарсы агенттік пен Оқу-ағарту министрлігінің отырысында қабылданды.

Мәлім етілгендей, соңғы 3 жылда бұл салада 300-ден астам сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркелді және 200-ге жуық адам әшкереленді.

«Мұндай қылмыстар республиканың барлық өңірлеріне тән, әсіресе ең көп көрсеткіш Шымкент қаласына, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласының білім беру қызметкерлеріне қатысты соңғы атышулы істер елеулі сыбайлас жемқорлық схемаларының бар екендігін растайды», — деді Асхат Жұмағали бірлескен отырыста.

Алдын ала зерттеу барысында қаражатты ұрлауға дайындық бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру сатысында жүретіні анықталды. Бұл ретте мектептердің, білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлері және басқа да адамдар сөз байласады. Қаржыландырудан кейін қаражат қалалық, аудандық білім бөлімдеріне бөлінеді, ал үнемделген сома еңбекақы төлеу қорына аударылады.

Тергеу нұсқасы бойынша, мұндай тәжірибе Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтеріне есепте жоқ адамдарға және үлестес тұлғаларға қаржы аудару арқылы шамамен 2 млрд теңге ұрлауға мүмкіндік берді.

«Әлі аудиторлық тексеру жүргізілуде, сома нақтыланады. Алайда тінту барысында күдіктіден 1 млрд теңге ақшалай қаражат табылды және тәркіленді, оның едәуір бөлігі шетел валютасында болды. Мұндай құқықбұзушылықтар бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру тетіктерінің жетілмегені, білім беру қызметкерлерін орталықтандырылған есепке алудың болмауы және осы процестерді цифрландырудың жеткіліксіздігі салдарынан болды», — деп атап өтті Асхат Жұмағали.

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар білім беру саласындағы жағдайды өзгерту бойынша кешенді шараларды белгіледі.

Другие новости

Back to top button