BI Group бір баланың өлімінен кейін ғана қоқыс контейнерлерін үйдің жанынан алып тастады (ВИДЕО)

Кеше, 23 сәуір күні Астанадағы Әл-Фараби даңғылындағы көп қабатты үйдің жанында алты жасар ұл бала қоқыс артуға келген КамАЗ-дың астында қалып, мерт болды. Бүгін осы үйдің тұрғындары журналистерді шақырып, үйдің жанында бұрыннан шешілмей келе жатқан мәселелерді айтып берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Марқұм бала жолдың ар жағындағы «Саранда» тұрғын үй кешенінде тұрған. Ал, оқыс оқиға болған үйдің тұрғындары айтып отырғандай, шамамен 20-30 үй орналасқан «Саранда» қалашығында балалар ойнайтын дұрыс ойын алаңы жоқ. Көршілердің айтуынша, марқұм болған ұл жаңа үйдегі жаңа футбол алаңына келген болуы мүмкін.
«Кеше есік алдынан өтіп бара жатып, жүк көлігінің астында баланың велосипеді жатқанын көрдім. Біздің үйдің жанында құрылыстан қалған қоқыстың үлкен контейнерлері тұратын. Міне, кеше бала өліп еді, бүгін бірнеше сағат бұрын әлгі контейнерлерді алып кетті. Өйткені, жүк көлігі кеше осы қоқысты артып алуға келгенде артқа қарай жүріп бара жатып, баланы байқамай басып кеткен. Қазір технология дамыған, сондықтар, ережеге сай, ондай жүк көліктері не камера орнатып, болмаса, оның артында қозғалысты реттеп тұратын адам еріп жүруі керек еді. Енді келіп оқиға болғаннан кейін контейнерлерді алып жатыр», — дейді оқиға болған үйдің тұрғыны.
Оның айтуынша, тұрғын үйдегі халық әкімдік пен осы үйді салып берген компания, яғни, BI Group-қа бір емес, бірнеше рет хат жазған.
«Хатта біз жергілікті атқарушы органға жол белгілерін салып беруді, ал, құрылыс компаниясына қоқыс контейнерлерін алыстатып, қоршау салып беруді сұраған едік. Қаншама рет жаздық, орындаған жоқ», — дейді көршілер.
Қоқыс контейнерлерін дәл кім орнатып, дәл кім алып тастағаны туралы көршілер мынандай ақпарат беріп отыр:
«Негізі заң бойынша қандай да бір құрылыс компаниясы үй салса, сол үйдегі жөндеу аяқталмайынша, аулаға қоқыс контейнерлерін орнатуы тиіс. Біздің үйді BI Group салды. Осы үйдегі құрылыс материалдары сол контейнерге салынып, ары қарай төгіледі», — дейді көршілер.
Біз осы мәселені растау үшін компанияның баспасөз қызметіне хабарласып, сұрақ жолдаған едік. Компания контейнерлер өзіне тиесілі екенін растап, тұрғындардың өтініші бойынша оны басқа жерге ауыстырғандарын растады.
«Бұл контейнерлер тұрмыстық қалдықтарға арналған еді, тұрғындардың өтініші бойынша оны басқа участокқа ауыстырдық», — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.