Бензинді талонмен ала алмай жатыр: ШҚО-да бір аптадан бері жолдар қардан тазартылмай, жедел жәрдем жұмысы қиындаған
Төпелеп жауған қар мен бораннан кеншілер қаласының жұртына қарға адым жер мұң болды. Риддер – Өскемен бағытындағы тасжолдың қары толыққанды күрелмей, көлігі барлар шаһарға кіре алмай әлек. Қала сыртында кейбір мәшинелер қаңтарылып тұрса, ішіндегі түйткіл бұдан да күрделі. Stan.kz тілшісі жағдайды толығырақ біліп көрді.
Бензинді талон арқылы ала алмауда
Көпшілік іргесіндегі дүкен мен дәріханаларға барғанның өзіңде алайын деген зат лезде бітіп қалады дейді. Қарапайым сүт пен айран сөрелерден көрінбейді, дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшы. Ал жанармай құю бекеттерінде қаңтар айының басынан бері кезегін күткен мәшинелер күн ұзаққа тізбеленіп тұратын көрінеді.
Неге десеңіздер, Риддерге тауарлар көп жағдайда Өскеменнен әкелінеді. Кейбір тауар түрлері осы себепті де жетіспей жатыр. Айталық, бірнеше жанармай құю станциясында (ары қарай ЖҚС) қазірдің өзінде бензин жоқ, талоны барлар да таршылық көріп отыр. Бір-екеуінде қаңтар айының 8-і күні пайда болыпты. Көлік иелерінің бірқатары жанармай іздеп, қала ішін аралап жүргенде бактағы аз-маз бензинін тауысқан. Амалы қалмаған соң жанармай құю станцияларына қоңырау шалып, олқылықтың орны қашан толады деп сұрап та көрді. Ол жақтағылар өтініш-шағымның қаптағанын сезсе керек, ешбіріне жауап бермеген. Stan.kz тілшісі хабарласып еді, операторлардың бірі байланысқа шықты.
«Тасжол жабық болған соң, бензин жеткізушілер келіп жатқан жоқ. Дизель отынын сатпаймыз. Бірақ менің есебімше, ол да жоқ. Бензинді тіпті талон арқылы бере алмаймыз, себебі цистерна кеуіп жатыр. Қаңтар айының 1-нен бастап бензин жеткізушілер келмеді»,– деді ЛНП ЖҚС операторы Светлана Хандыкова.
Көлік жүргізушілері мен тұрғындардың жазғандарына сүйенсек, Өскемен-Риддер тасжолында қазір жағдай біршама ушығып тұр. Біріншіден, қардан толық тазартылмаған. Жүргізушілердің сөздерінше, қаңтар айының 9-ы күні Михаиловка учаскесі мен Черемшанка ауылы аралығындағы жол жабылды.
«Шенеуніктердің қай басынғандары бұл?! Әкімдер неге шарасыз? Бір жаққа ғана жол бар. Халықты мазақ етуден жалықпадыңыздар ма?», – дейді Римма есімді желі қолданушысы.
«Бакта қанша жанармай қалды, біткенше жүреміз»
Шынымен де, көлік ізі тек біржақты бағытқа арналған. Қос қапталдан қалың қар қыса түсіп, кептелісте тұрған мәшинелерді біртіндеп қана өткізуде. Риддерліктердің сөздерінше, жанармай тапшылығы әлеуметтік нысан қызметкерлерінің жұмысына тұсау салып барады. Айталық, дәрігерлер.
«Кеше ауысымда болдым. Төрт көлігіміз талон бойынша Бірінші ауданда бензин құйды, мен ЛНП-ның «Орталық» деген станциясына бардым. Ал қаңтар айының 9-ы күні ешбірі көліктеріне жанармай құя алмаған. Бакта қанша бензин қалды, біткенше жүреміз. Бірі 10 литр, бірі 20 литр қалдырыпты. Жақын жерге жете аламыз, ал Бутаково, Черемшанка сияқты ауылдарға бару қиын», – деді жедел медициналық көмек Станциясының жүргізушісі Нұрлан Бекболов.
Алда Риддердің Орталық қалалық ауруханасына жанармай жеткізу жоспарланып жатқан көрінеді. Оған дейін ақ халаттылар ілдебайлап жүріп бензин тауып, бір науқасты Өскеменге жіберіпті.
«Дүйсенбі күні жанармай табу мүмкін болмады. Бас дәрігер жан-жаққа қоңырау шалып, нәтижесінде, жанармай құю станциясы қожайындарының бірі 100 литр бензинді қарызға берді. Соның 50 литрін науқасты облыс орталығына жеткізу үшін жедел жәрдем көлігіне құйдық. Қалғанымен басқа жедел жәрдемдерді қамтыдық», – деді Риддер қалалық ауруханасы шаруашылық бөлімінің басшысы Галина Косарева.
Оның сөзінше, Орталық қалалық аурухана әдетте жанармай қорын қалыптастырып алады. Егер күніне 20 литр бензин жағылса, онда бакка 40-60 литр құяды. Сол себепті, аурухана балансындағы жеті көліктің жетеуі де әзірге шамы-шарқыларынша жүріп жатыр.
«Таңертең Өскеменге кеткен жүргізушіміз жолда осы жаққа келе жатқан бес бензин жеткізетін көлікті көріпті. Өскеменнен шыққан екен, бірақ жолдың жабылуына байланысты әзірге өткізбеді. Егер қалаға бір күнде жете алмаса, жеті көлік те тоқтайды. Сонда қиналамыз», – деді шаруашылық бөлімінің басшысы.
Осы ретте, темір тұлпарлары бар кейбірі жанармай алып үлгергендерін айтты. Әлеуметтік желіде де «QAZAQ OIL» ЖШС мен «Гелиос» ЖШС бекеттеріне бензин жеткізілгені жайлы жазылып жатты.