Жамбылская область

Белсендінің азапталуы: Атбасар түрмесіндегі оқиғаға қатысты тың дерек айтылды

Адвокат Бауыржан желіні шулатқан видеода белсенді Данебаев Тимурды ұрып-соққандардың барлығы теріс себептермен жұмыстан шығарылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Сенімді дереккөздерден. Видеода Тимур Данебаевты ұрып-соққан барлық адамдар теріс себептермен жұмыстан шығарылғаны хабарланды. Осы колония бастығы және орынбасарымен бірге. Данебаевтың өзі қауіпсіздік мақсатында басқа мекемеге жеткізіледі. Көкшетау қаласының тергеу изоляторына көшірілуі мүмкін», — деді ол.

Еске салайық, 3 қыркүйекте әлеуметтік желіде колония қызметкерлері әжетхана жуудан бас тартқан белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соғып, қинаған видеосы тарады. Онда Дәнебаевты жерге жатқызып, қол-аяғын ұстап, дубинкамен ұрғаны көрінеді. «БАСЕ» телеграм-арнасы жариялаған видеодағы ақпаратқа қарағанда, бейне 24 тамызда Ақмола облысы Атбасар қаласындағы колонияда түсірілген. Әлеуметтік желіде тараған екі видеода биыл жазда сотталған Тимур Дәнебаев қызметкердің сұрағына жауап беріп, жатын бөлмені тазалауға келісетінін айтады. Қызметкер белсендіге «санитария-гигиена нормаларын сақтау» туралы міндетін айтып, күш қолдануға бұйрық береді. Видео соңында бұйрық беруші қызметкер белсендіге әкімшілік хаттама толтырылатынын айтады.

Бұдан бұрын Қазақстанның ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Тимур Дәнебаевтың ісі бойынша қызметтік тергеу басталғанын хабарлаған.

«Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты арнайы құралдарды пайдалану арқылы Ақмола облысы бойынша ҚАЖД әкімшілік мекемесінің заңды талабына бағынбау фактісінің жолын кесуде қызметкерлердің қызметтік жағдайын асыра пайдаланғаны байқалады», — деп мәлімдеді комитет.

Другие новости

Back to top button