Белдікпен бір сағат ұрды: әнші Qurt пен оның жүкті жары сотта татуласып алды

Белгілі қазақстандық рэпер Qurt лақап атымен танымал Дамир Қойшыбаевтың жүкті жары Аружан Қойшыбаева бұған дейін әлеуметтік желіде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мәлімдеп, қоғам назарын өзіне аударған. Қазіргі уақытта екі тарап татуласқаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйел атағандай, күйеуі өзін шамамен бір сағат бойы белдікпен ұрған. Бұл туралы жәбірленуші Instagram парақшасында ашық жазып, медициналық сараптама жасап, полицияға арызданбақ болған.
Алайда соңғы мәліметтерге қарағанда, ерлі-зайыптылар сотта өзара келісімге келген. Осыған байланысты жәбірленуші әйел бұған дейін жариялаған зорлық туралы жазбаларын толық өшіріп, әлеуметтік желідегі «Маңызды» бөліміне Qurt-пен түскен бірлескен фотоларын қайта жүктеген.
Астана қалалық полиция департаменті қазақстандық рэпер Qurt-тың жарына қатысты жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісіне байланысты ресми түсініктеме жариялады.
Оқиға 2024 жылдың 27 маусымында орын алған. Тұрмыстық жанжал барысында жәбірленуші күйеуі оны ұрып, күш қолданғанын мәлімдеген. Осы дерекке байланысты құқық қорғау органдары күдіктіге қатысты қорғау ұйғарымын шығарып, істі сотқа жолдаған.
Полицияның мәліметінше, іс сотқа дейін жеткенімен, зардап шеккен тарап ресми түрде шағымынан бас тартқан.
Еске сала кетейік, Qurt лақап атымен танымал қазақстандық рэпер Дамир Қойшыбаевтың әйелі Аружан Қойшыбаева әлеуметтік желідегі парақшасында көгерген денесінің суреттерін жариялап, күйеуі оған зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеген еді.