Алматы

«Белбеумен ұрған соң сөйлей алмай қалды»: Алматыда әкесі 6 жасар баласын аяусыз ұрып-соққан

Алматыда әкесі баласын аяусыз соққыға жыққан. Жәбір көрген баланың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Оқиға 23 сәуірде болған.

«Мен жұмыста болған кезде ұлымды бұрынғы күйеуіме қалдырдым. Өйткені әкеме барамын, сол үйге қонамын деп сұранды. Ұлым көшеге шығып, көрші баламен ойнап жүріп, бір баламен сөзге келіп қалады. Сол кезде күйеуім баланы ұра бастайды. Онымен қоймай баланы үйге сүйреп апарып, белбеумен соққан. Бұның бәрін маған көршілер айтты», — дейді жәбір көрген баланың анасы Зульфия Байгесенова.

Жұмыстан таксилетіп құстай ұшқан анасы полиция шақырған. Үйге кірген ол баласының түрін көріп, шошып кеткен

«Бала шошынғаны соншалық, тіпті, сөйлей алмай қалған. Денесінде сау жер жоқ. Күйеуімнен сонша неге ұрдың деп сұрадым, сөйтсем ол «жаман сөз айтты» дейді. Баланың денесі көк-ала қойдай боп көгеріп кеткен. Мен баламды ауруханаға апардым. Дәрігерлер миы шайқалған деп диагноз қойды. Полиция «жеңіл дене жарақаты, 38 мың айыппұл төлейді» дейді. Сонда ол қатаң жаза алу үшін баланы өлтіру керек пе еді?», — дейді Зульфия Байгесенова.

Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі өзін осылай ұра бергендіктен, ақыры екеуі ажырасып тынған. Ал полиция қатыгез әкенің мәселесі сотта қаралады деп отыр.

«Алматы қаласының полиция департаменті бұл фактіні Бостандық ауданының полиция басқармасы тергеп жатқанын хабарлайды. Сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Шешім қабылдау үшін іс жүргізу материалдары сотқа жіберіледі. Сондай-ақ Бостандық ауданы бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия қосымша материал дайындады», — дейді ведомство.

Другие новости

Back to top button