Бектенов президенттің тапсырмасына немқұрайлы қарап отырған әкімдіктерді атады

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған медициналық нысандардың құрылысы кейбір облыстарда өте баяу жүріп жатқанын айтты. Кей өңірлерде жобалық құжаттама да әзірленбеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бектеновтің айтуынша, ұлттық жоба 650-ден астам ауылдық елді мекенде заманауи медициналық пунктер ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бес өңірде – Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында объектілердің құрылысы толығымен аяқталған.
«Қалған өңірлерде ұлттық жобаны іске асыруға қатысты белгілі бір тәуекелдер бар. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыс қарқынын арттыру, әсіресе, жобалық құжаттаманы дайындау рәсімдерін және медициналық құралдармен жабдықтау мәселесін жеделдету қажеттігін айтты. Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында құрылыс қарқыны тым баяу. Мысалы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында осы күнге дейін 6 объект бойынша жобалық құжаттама әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптама дайын емес. Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау және құрылыс жұмысына бақылаудың кемшін болуы ұлттық жобаны іске асыру мерзімінің созылып кетуіне алып келеді», — дейді Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер медициналық нысандарды уақытылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы алға қойған мақсатқа қол жеткізу – бар күш-жігерді жұмылдыруды қажет етеді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне барлық 188 медициналық нысанды салу және ауруханаларды жаңғырту жұмысына апта сайын мониторинг жасауды тапсырамын», — деді ол.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жоспарланған 655 медициналық нысанның 467-сі толығымен аяқталғанын, қалған 188 нысан осы жылдың соңына дейін салынып бітетінін мәлімдеген.