ГлавноеГосорганы

Бектенов жаңа премьер ме: Қазақстан үкіметін басқаруға Amanat ұсынған кандидаттан бөлек үміткерлер кім

Бір күн бұрын Қазақстан үкіметі отставкаға кетті. Екі жыл бойы премьер-министр болған Әлихан Смайылов орнын босатып, оның қызметін уақытша атқаруға Роман Скляр қалды. Ал бүгін, 6 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысына қатысып, жаңа үкімет басшысын тағайындайтыны белгілі болды. Қоғам арасында жаңа премьер кім болатыны туралы қызу талқы жүріп жатыр. Stan.kz ақпарат агенттігі саясаттанушылардың болжамын шолып шықты.

 

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли бұған дейін жаңа премьер-министрдің кандидатурасын “Amanat” партиясы ұсынатынын айтқан. Тоқаев партия ұсынған кандидатураны мақұлдап, парламент мәжілісінің қарауына енгізеді. Егер мәжіліс келісімін берсе, президент бұл қызметке жаңа премьер-министрді тағайындайды. Сосын үкімет қайта жасақталады.

Қазіргі белгілі жағдай бойынша, “Amanat” партиясы премьер-министр қызметіне президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновтың кандидатурасын ұсынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны мәжілістегі партия фракцияларының жетекшілерімен талқылайды.

Әлихан Смайылов өзінің отставкасынан кейін айтқан мәлімдемесінде “сындарлы уақытта Қазақстан Республикасының үкіметін басқаруға сенім білдіргені үшін Тоқаев зор алғыс” білдіретінін жеткізген. Сондай-ақ ол үкіметтегі барлық әріптесіне ризашылық білдіруді де ұмытпаған.

Жаңа премьер-министрдің орнын басатын кандидаттар арасында Алматының әкімі Ерболат Досаевтың, Маңғыстау облысының басшысы Нұрлан Ноғаевтың, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің есімдері аталады. Сонымен қоса кандидатураны “Amanat” партиясы ұсынатындықтан мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың премьер-министр болатынына сенім білдіретіндер де басым.

Тағы бір айта кетерлігі бұған дейін айтылған болжамдарда жаңа үкімет басшысы Қанат Бозымбаев болады делінген. Қаңтар оқиғасы тұсында Алматы облысын басқарған ол халық алдына шығып айтқан эмоционалды сөзінен кейін біраз сынның да астында қалды. Қазір Бозымбаев президент кеңесшісі лауазымын атқарады. Ол бұған дейін энергетика министрі және Павлодар және Алматы облыстарының әкімі қызметінде болған.


Қазір премьер-министрдің қызметін уақытша Роман Склярдың атқарып отырғаны жоғарыда айтылды. Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Склярдың бұл орында бекер қалмағанына сүйеніп, “жаңа премьер-министр Роман Скляр болады” деген ойын айтады.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт “дәл қазіргі саяси жүйеде Қазақстанда премьер-министр кім болатыны мүлдем маңызды емес” екенін баса айтады. Оның сөзінше, Германиядан Меркельді, (Ангела Меркель – ред.) Канададан Трюдоны, (Джастин Трюдо –ред.) Финляндиядан Санна Маринді әкеліп, қызметке қойсаңыз, олар да ештеңе істей алмайды.

“Маңыздысы – конституциялық жолмен премьер-министрге президенттен азаттық алып беру, үкіметті өзі жасақтайтын және оның қызметін тоқтата алатын, әділ жолмен сайланған парламенттің болуы. Қалғанының бәрі – далбаса”, – деген ойын айтады ол.

Ал саяси белсенді Мұхтар Тайжан “жаңа премьердің қазақша сөйлеуі – басты шарт” дейді.

Экономист Айдархан Құсайынов “Қазақстанның дағдарыстың аз-ақ алдында” тұрғанына тоқталып, жаңа премьер-министрдің талқыланып жатқан тұлғалардан тыс “жаңа фигура” болатынын айтады.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев үкіметтің отставкаға кетуі билік үшін күтпеген шешім болғанына назар аударады.

“Премьер-министр отставкаға кетіп, президент оны қабылдаған кезде ешқандай түсініктеме айтылған жоқ. Президенттің баспасөз хатшысы ғана Ақ Орда партияның шешімін күтіп отырғанын хабарлады. Екінші жағынан, экс-премьер президентке сенім білдіргені үшін алғысын білдірді, бірақ партия туралы тіс жармады. Сонымен қатар бастама үкіметтен болғандай көрінгенімен, отставкаға кету себебін де атамады. Бәлкім қазіргі министрлер кабинетіне елді жаңа уақыт белдеуіне көшіруге сенім артылмаған шығар”, – дейді Әшімбаев.

Сонымен қоса бүгін тағайындалатын үкімет басшысы Қазақстанның 26-премьер-министрі болатынын айта кетейік.

Другие новости

Back to top button