Атырауская область

«Батырлардан ұят болды»: Құлсарыдан үйіне қайтып келе жатқан құтқарушылар ас-сусыз далада қалған

Белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желідегі парақшасында Құлсарыға су тасқынымен күреске барған атыраулық құтқарушылар жапан далада қалғанын жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, сәуір айында Атыраудың құтқарушыларын үйлерін су басқан тұрғындарға көмектесу үшін Құлсарыға жіберген. Апат салдарын жойған соң көбі үйлеріне оралған, ал кейбір өрт сөндірушілер аумақты тазарту үшін қалған.

«Кеше түнде оларды пойызға мінгізген, ал таңертең вагонды тіркеуден ағытып тастаған. Сөйтіп олар далада қалды! Локомотивті алып кетті. Адамдар үш сағаттан артық ас-сусыз отыр… Жігіттер адамдарды құтқаруға барды, екі ай жұмыс істеді, енді келіп оларды осылай қорлап жатыр? Осыдан кейін мемлекетке қалай қызмет етесің? Олардың көзіне қалай қараймыз!», — деп ашынды журналист.

Осы жазбаның астына пікір қалдырған желі қолданушылары да қапаланып, шенеуніктерге өкпе-ренішін білдіріп жатыр.

«Атырау, Құлсарының атқамінерлері, мыналарыңыз ұят екен. Қиын қыстау, ел басына күн түскенде көмекке барған азаматтарды бұлай далаға тастағандарың дұрыс болмады. «Елім, халқым» деп үй-жәйін, бала-шағасын, кәрі ата-аналарын тастап, көмекке барды», — деп жазды желі қолданушылары.

Azattyq Rýhy тілшісі мән-жайды анықтау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазақстан теміржолына хабарласты. Олар бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады. Ресми ақпарат беруге уәде етті.

Другие новости

Back to top button