Менің балам (Ұл мен қыз)

Басы жалпайып кетеді: Соңғы жылдары жас аналар бесіктен неліктен бас тартып жатыр

Қоғамда қазір бесіктен бас тартатын аналар мен қажеті жоқ деп ақылын айтатын ақ халаттылар көбейген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Бірінші арнаға сілтеме жасап.

 

Бейнесюжетте бесік мәселесі қозғалған. Яғни қазір көптеген жас аналар дәрігерлердің кеңесімен бас тартып жатқан көрінеді. Сондағы себеп – сәбидің басы шайқалады, желке тұсы жалпайып, түрлі ауруларға шалдығады. Тіпті 5 құрсақ көтерген Райхан Күңгірбаева есімді келіншек те ақ халаттылар дабылын растап отыр. Ол тұңғышын бесікке таңып өсіргенімен, кейінгі 4 баласын қарапайым кереуетке жатқызған.

“Бесікке жатқызған қызым кеш жүрді. Жатпағандары ерте жүрді. Дәрігерлер баланың басында ауытқулар пайда болып, қисық бітеді, тұншықтырып аласыз деген кеңес айтты”, – дейді көпбалалы ана.

Дей тұрғанымен дәрігерлердің бәрі бірдей емес. Кейбірі керісінше бесікке жатқызу қауіпті емес дейді. Тек тәулігіне бірер сағатқа ғана рұқсат етіледі деп отыр Нәзерке Божбанова.

“Егер де балада дисплазия сынды невропатолог дәрігерлердің қоятын бірнеше диагнозы бар болса немесе бас миының шайқалуы, жарақаттар болатын болса, қарсы көрсеткіштер болмаса жатқызған дұрыс”, – дейді дәрігер.

Ал этнографтар бесік тек көшпенді қазақ қоғамында ғана маңызды болғанын айтады. Қазіргі өркениетті елде оның дымға қажеті жоқ. Бірақ қоғам белсендісі Ырза Тұрсынзаданың пікірі басқаша. Ол бесік шынымен зиян болса ата-бабамыз қалай өмір сүрген, бізді бүгінге қалай жеткізген дейді.

“Зиянын мен таба алмадым. Қазір көбі баланың басы шайқалады деп түрлі нәрсе айтып жүр ғой. Мен онымен келіспеймін. Өйткені сол рас болса, көшпенділердің балалары миы шайқалып, ес-түссіз жүрер еді ғой. Сондықтан замандастарым халықты адастырмаңыздар”, – дейді белсенді.

Не де болса бесік мәселесі төңірегіндегі даудың бүгін тоқтамасы анық.

Другие новости

Back to top button