Атырауская область

«Басқа барар жеріміз жоқ»: Атырауда дәрігерлер тозығы жеткен жатақхананы паналап жүр

32 жыл бұрын салынған ғимараттың едендері опырылып, іргетасы сөгілген

Атыраудағы дәрігерлер ескі жатақханада тұрып жатыр. 32 жыл бұрын пайдалануға берілген жатақхананың тозығы жеткені соншалық, едендері опырылып, іргетасы сөгіліп, тіпті қолқаны қабатын қолаңса иіс пайда болған. Ақ халаттылардың басқа барар жері жоқ, деп хабарлайды Экспресс К сайты.

Қала мен облыс әкімдігі дәрігерлердің жатақханасын бұзып, тұрғындарды көшіруге уәде берген. Бірақ билік уәдесін орындамай келеді.

«Бізде қарапайым газ да жоқ. Тамақты «плтикаға» пісіреміз. Су төртінші-бесінші қабатқа көтерілмейді. Қыста жылу жоқ, жарық та өше береді. Осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз! Пәтер жалдап кетуге қалтамыз көтермейді», — дейді дәрігер Жаңылсын Шаяхмеденова.

102 бөлмесі бар бұл жатақхананың ас үйі де, қол жуатын бөлмесі де төрт отбасына ортақ. Секциялық үлгіде салынған ғимаратың күйі қашқалы қашан? Ыстық судың тоқтағанына ширек ғасыр болса, салқын суды тұрғындар сорғымен алып отыр.

«Төрт отбасыға бір секция берілген. Қонақ келсе, басқаларымыз шықпай отырамыз. Қонақ қашан кетеді, сол кезде ғана шығамыз. Жағдайымыз осылай», — дейді тұрғын Слухия Еременова.

Жатақхананың қуықтай бөлмесін паналағандардың барлығы медициналық мекемелерде қызмет ететін ақ халаттылар мен тазалықшылар. Сонымен қатар сол саладан зейнетке шыққандар. Тәуліктік кезекшіліктен келгенде қоңыз жайлап, көң тартқан көне бөлмеде демалу мүмкін емес екенін айтады.

Қолдарында бірінен-соң бірі ауысқан шенділердің қағаз жүзіндегі жауабы қалған мұндағы жұрт енді не істерін білмей, дал. Жертөлесі суға толып, барлық коммуналдық желісі тоз тартқан жатақхана жаңартуға келмейді десе де, жауаптылар құлақ асар емес. Қала басшысының шешімі осындай екен.

Қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің айтуынша, үй жөндеуге келеді.

«Қала әкімі осылай айтты. Қорытындысында жөндеуге жататыны жазылған. Тұрғындар үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасай алады. Көшіру мәселесі қаралып жатқан жоқ», — дейді Рафхат Жолдиев.

5 жыл бойы құрғақ уәде беріп, үйдің техникалық қорытындысын енді ғана ашып қараған әкімдіктегілердің әрекеті түсініксіз. Айта кетейік, шаһардағы апатты ғимарат тізіміне іліккен 12 жатақхананың, бүгінде 10-ы сүрілген.

 

Другие новости

Back to top button