«Барып тұрған қорлық қой»: Алматы метросындағы қызметтік иттің жүдеу күйі желі қолданушыларының ашуын туғызды

Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлері ұстаған қызметтік иттің жағдайы мен сыртқы келбеті жұртты алаңдатты. Желі қолданушысы Алматыда метро қызметкерімен метроға кірген қызметтік иттің тым жүдеу, әбден қалжырап, жүні түскенін айтып, жазба жариялады. Stan.kz тілшісі Алматы полиция департаментінен қызметтік иттің жағдайын білді.
“Алматы метросындағы қызметкерлердің итімен не болған? Ит әбден қалжырап, жүдеп кеткен, жүні түскен”, – деп жазды желі қолданушысы.
Қызметтік иттің суретін көрген басқа желі қолданушылары Алматы полция департаментінің парақшасын белгілеп, бұл жағдайды түсіндіруін талап етті.
“Ит неге мұндай күйге түскен?”, “Бұл тұқымның ерекшелігі емес. Иттің қалжырағаны анық”, “Итті мұндай күйге түсіру үшін не істеу қажет?”, “Итке тамақ берсеңдерші”, “Өздерің де осылай аштан-аш жұмыс істейсіңдер ме?”, “Мынау барып тұрған қорлық қой”, – деп жазды олар ашынып.
Жазбаға қатысты Алматы полиция департаменті пікір білдірді.
“Әлеуметтік желіде Алматы метрополитенінде қызмет атқарып жүрген қызметтік-іздестіру итіне қатысты оның сыртқы келбетіне қатысты алаңдаушылық білдірген жазбалар пайда болды. Жарияланған суретте бейнеленген ит — бельгиялық овчарка «малинуа» тұқымының өкілі. Бұл — бұлшық еттері құрғақ, төзімділігі мен шапшаңдығымен ерекшеленетін қызметтік тұқым. Мұндай иттер сырт көзге арық немесе «жіңішке» болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл — тұқымға тән физиологиялық ерекшелік, тамақтың жеткіліксіздігін білдірмейді. Алматы метрополитенінің полиция бөлімшесінде 11 қызметтік-іздестіру иті мен 9 кинолог жұмыс істейді. Барлық жануарлар тұрақты ветеринарлық бақылауда, тиісті күтіммен, арнайы тамақтандырумен және бекітілген нормалар мен ветеринарлық стандарттарға толық сәйкес келетін жағдайлармен қамтамасыз етілген”, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, кинологиялық қызмет бөлімшелері азаматтар көп жиналатын орындарда, соның ішінде метро станцияларында, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды міндет атқарады.
Сондай-ақ полиция қала тұрғындарының бейжай қарамай, алаңдаушылық білдіргені үшін алғыс білдіріп, барлық қызметтік иттердің қамқорлықта екенін хабарлады