«Бәрін балама жауып жатыр»: Жамбыл облысында әскерде жүріп комаға түскен Нұржігіттің ісі бойынша сотталушының анасы мәлімдеме жасады
Алматы гарнизоны әскери сотында борышын өтеп жүріп комаға түскен қостанайлық Нұржігіт Әбділпаттаның ісі бойынша сот басталған еді. Қазір сарбаздың комаға түскеніне не әсер еткенін анықтау үшін қайтадан сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сотталушының анасы ұлына тағылған айыппен келіспейді. Сөзінше, жағдай резонансты болып кеткендіктен, істі тезірек аяқтау үшін ұлына бәрін жауып отыр.
Еске салсақ, 19 жастағы Нұржігіт Әбділпатта 17 мамырда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, Отардағы 30/212 әскери бөлімшесіне жіберілген. Әскерге кеткеніне 1 ай да болмаған. 29 маусымда ант қабылдауы керек еді. Бірақ 9 маусымда оның комаға түскені туралы хабар келген. Сөйтсе жігіт 6 маусымда тамағы құрғап тұрғанын сезіп, тамағына дәрі шашқан. Сөзінше, қалтасына дәріні салып жатқан кезде оны кіші сержант Дастан Тұрлан байқап, ішінен, оң жақ көкірегінен ұрған. Салдарынан Нұржігіт қатты ауырып, жағдайы нашарлап, соңында жансақтау бөліміне түскен дейді. Айыпталушы Дастан Тұрлан мен жәбірленуші Нұржігіт Әбділпатта құрдас, екеуі де 20 жаста.
Қазір Дастан Тұрланның үстінен Қылмыстың кодекстің 451-бабы “Билікті асыра пайдалану” бойынша іс қозғалды. Осыған дейін 6 сот отырысы өтті.
Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров пен пульмонолог Сағыныш Нұрғабылова соққының сарбаздың комаға түсуіне әсерін анықтай алмағандықтан, судья тағы да сараптама жасату туралы шешім шығарды.
Дастан Тұрланның анасы Зарина Кушалиева оқиға күні ұлының ол жерде болмағанын да айтады. Сөзінше, таңғы уақытта Дастан басқа қабатта болған, яғни ол Нұржігіт жоқ басқа взводқа жауапты дейді.
«Әбділпаттаның айтуынша, оларды таңда Дастан оятып, қолын қалтадан шығармағаны үшін ұрды. Бірақ рота мен взвод командирлері сол күні оқу-жаттығу дабылы болғанын, өздері оятқандарын айтты. Сержанттың мұндай өкілеттігі жоқ. Дастан 6 маусым сағат 9-дан бастап келіпті. Яғни таңғы 6-да Дастан тіпті ротаға да жауап бермеді, ол жерде болмады, – деді Зарина Кушалиева.
Сол күні рота бойынша кезекші Динар Елеусіз жұмыстан шығып кеткен. Сотқа куәгер ретінде де келмепті.
Сөзінше, жәбірленуші комаға түскен кезде Дастан күдікті деп танылып, әскери полиция бірден оны қамауға алған. Ол Тараздағы тергеу изоляторында екі ай болған екен. Бірақ Қылмыстың кодекстің 451-бабы бойынша қамауға алу қарастырылмаған. Кейін бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды.
Анасының сөзінше, іс резонансты сипат алғандықтан, президентке есеп беру үшін ұлына бар айыпты тағып, жауып тастамақ. Амалы таусылған ол президентке үндеу жолдады.
“Балам өзінің кінәсіз екеніне және сот әділ өтетініне сеніп, шу шығартпады. Біз жәбірленуші тараптың мәлімдемелеріне жауап бермей келдік. “Нұржігіт комадан оянған соң, шындықты айтып береді” деп шындық ашылатынына сенімді болды. Бірақ Нұржігіт басқаша айтып кетті. Одан осылай айтуды сұрады ма деп те ойлаймын. Жәбірленуші тараптың, куәгерлердің сөздерінде қарама-қайшылық бар. Алғашында “Дастан “қалтаңнан қолыңды шығар” деді де, ұрды” деп айтады, біресе “ескертпестен ұрды” дейді”, – деді сержанттың анасы.
20 жастағы Дастан Тұрлан Астанада “Жас ұлан” әскери мектеп-интернатта, одан кейін Щучинскте оқыған. Анасы Дастанның үнемі үздік әрі марапаттарға ие болғанын айтты.
“Баламды үнемі мақтап, офицерлер маған алғыс айтатын. Үздік болды. Кадет, сарбаз да болып көрді, сол үшін қысым көрсетпеді. Отарға келгеніне 1 жыл болған. Керісінше, ондағы сарбаздарға көмектесетін. Өз жетістіктерін айтып келетін”, – деді ақтөбелік әйел.
Айтуынша, қазір ұлына араша түсер жан болмай, жазықсыз сотталуы мүмкін.
“Мен жалғызбасты анамын, Ақтөбеде жалдамалы пәтерде тұрамын, екі кішкентай балам бар. Ал Дастан өзі қызметте жүр. Меніңше, оның қорғаушысы, араша түсері, тірегі жоқ екенін біліп, оған жауып жатыр. Прокуратурадағылар кешірім сұрап келіңдер дейді. Кешірім сұрағанымыз – ұрғанын мойындау ғой. Бірақ ұрмаса, не үшін кешірім сұрау керек?! Ұлым небәрі 20-да, 8 ай тергеуде жүр, мұның бәрі ол үшін стресс. Десе де “ештеңе істемедім, мен ақталамын” деп әлі сеніп отыр”, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қазір ауыр жағдаймен жансақтау бөлімінде жатқанын жаздық.
Анасының айтуынша, cарбазды 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға әскерилер алып келген. Оған пневмония диагнозы қойылған.
24 маусымда әскери қызметкер комадан шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі жан-жақты тексеруді тапсырды.