Туркестанская область

«Бәрі қурап кетті»: Түркістан облысында шаруалар 40 градус ыстықта алқапқа су жетпей жатқанын айтып көмек сұрады

Түркістан облысында диқандар 40 градус аптап ыстықта егістікке су жетпей жатқанын айтып дабыл қақты. Айтуларынша, жүгері, қауын және мал азығы егілген ондаған мың гектар алқап қурап барады. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ауыл тұрғындары сорғыларды жазғы маусымға дайындамады деп сумен қамтамасыз ететін компанияны кінәлады. Фермер Ерман Смаиловтың жоңышқасы (люцерна) қурап жатыр. Айтуынша, 10 гектар жерге бар ақшасы мен күшін салған. Алайда жинау уақыты жақындағанда өнім болмай қала ма деп қорқатынын жеткізді.

“Міне, қараңыз, бәрі қурап кетті. Бұл жерге 1 миллион теңгеден аса несие алдым. Құрт-құмырсқаға қарсы дәрі, тыңайтқыш, дәрумен – бәрін осында салдым. Бәрі бекер болған сияқты. Бүкіл жоңышқа қурап кетті”, – деді фермер Ерман Смаилов.

Қазір тек жоңышқа емес, қауын мен жүгері де зардап шегуде. Дақылдардың көбі бір ай бойы сусыз күннің астында тұрып қалған. Фермерлер енді пайдадан үміт үзіп, ең болмағанда шығындарын өтей алсақ деп отыр. Олар жер асты суын сорғымен тартып көріп жатыр. Бірақ сорғылардың күші жетпей тұр.

“Егер бәрі көктемнен дұрыс дайындалып, уақытылы қосылғанда, бәлкім, бұл қиындық болмас еді. Жүйені дер кезінде іске қосу керек еді. Қазір бар үміт – сол кезде кеткен қателікті енді түзету”, – деді фермер Орынбасар Маханов.

Бұрынғы жылдары су Арыс пен Сырдария өзендерінен тартылатын. Бірақ биыл су қысымы алқапқа дейін жетпей жатыр, ал сорғылар жиі істен шығады. Ауыл тұрғындары көктемде-ақ жағдайды ескертіп, су компаниясының мамандарына айтқан. Алайда компания мәселе фермерлердің өзінде дейді. Айтуларынша, олар қызмет ақысын уақытында төлемеген. Қарыз жиналған. Жабдықтарды іске қосу үшін көп электр энергиясы қажет. Бірақ жаңа техникаға да, төлемге де қаражат жетпейді.

Енді диқандар жергілікті биліктен көмек күтіп отыр.

“Біз Арыстан су тартып жатырмыз. Қазір 6 сорғы шамамен 2,5 текше метр су беруде. Аудан әкімінің келісімімен жаңа сорғыға тапсырыс бердік. Ол 1,5 текше метр су береді. Қазір оны жинастырып жатыр, ертең таңертең жеткіземіз деп уәде берді. Қондыру, қосу, су жіберу – барлығы дайын. Қосылған соң жалпы 4 текше метр су беріледі”, – деді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев.

Другие новости

Back to top button