Банктер дайын емес: Қазақстанда ипотеканың пайызы әлі төмендемейтін болды

Қазақстанда ипотеканың шекті мөлшерлемесі 2025 жылғы 1 қарашаға дейін 25 пайыз деңгейінде қалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлескен қаулы қабылдап, маусым айынан бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейтінін мәлімдеген. Алайда агенттік көп ұзамай бұл ойынан айнып қалды.
«Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жөніндегі норманы 2025 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтата тұру көзделеді»,- делінген құжатта.
Осылайша агенттік екінші деңгейлі банктерге алдағы өзгерістерге дайындалу үшін уақыт беріп отыр.
«Бұл ішкі есепке алу және операциялық жүйелерді бейімдеуге, қазіргі және жаңа ипотекалық өнімдер бойынша талаптарды қайта қарауға, сондай-ақ ішкі нормативтік құжаттарға қажетті өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ведомстводағылар.