Госорганы

Банктер алаяқтық жолмен берілген несиені есептен шығаруға міндетті болады

Заң жобасын маусымның соңына дейін Мәжіліске енгізу жоспарланып отыр

Қазақстандық банктер алаяқтардың қазақстандықтардың атынан рәсімдеп алған несиесін есептен шығаруға мәжбүр болады. Алайда бұл тәсіл сот арқылы дәлелдеуді қажет етеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 

Банктің ақпаратты қорғау қызметінің нашар жұмыс істеуі ақшаның жоғалуына себеп болғаны дәлелденсе, онда қаржы институттары интернет-алаяқтардан зардап шеккен азаматтардың шығынын төлеуге міндеттеледі. Заңнамаға тиісті түзетулер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде әзірленді. Бұл туралы ведомство басшысы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті.

Оның айтуынша, заң жобасын маусым айының соңына дейін Мәжіліске енгізу жоспарланып отыр.

«Маңызды мәселе – залалды өтелуі, оны қаржылық қызметтерді пайдаланушылар да көтереді. Біз алгоритм әзірледік, яғни екінші деңгейлі банктермен меморандум дайындадық және қазір қол қойып жатырмыз, егер бұл операция алаяқтық деп танылса, жалған несиелер бойынша сыйақы есептеу дереу тоқтатылады. Ал оның алаяқтық несие екені сотта дәлелденсе және пайдаланушының өзі бұл қаражатты алмаса, банк тиісті соманы қайтарады. Ал егер ол пайдаланушының жеке қаражаты болса, оған ол қаражат өтеледі», — деді Әбілқасымова.

Ол осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Атап айтқанда, агенттік ақпаратты қорғау процедураларын сақтамау нәтижесінде алаяқтық болған жағдайда, келтірілген залал үшін қаржы ұйымының жауапкершілігін белгілеуді ұсынып отыр.

Кейін Мәжіліс алаңында ол банктердің алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды өтеу жөніндегі міндеттемесінің механизмін түсіндірді.

«Алгоритмде алаяқтық транзакциялардың барлық типологиясы, ақпараттық қауіпсіздік талаптары мобильді қосымшалар үшін анық жазылған. Ал егер бұл талаптар бұзылса, қаржы ұйымдары үшін тиісті зардабы болады», — деді ол.

Оның айтуынша, агенттік маусымның соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізуді жоспарлап отыр.

Жалпы, өткен жылдың өзінде екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында 11 мыңнан астам алаяқтық операция тіркелсе, оның 5 мыңы несие рәсімдеуге қатысты болған.

Другие новости

Back to top button