Госорганы

Банкроттыққа өтінім берудің жаңа тәртібі күшіне енді: оның жолы қалай

2024 жылдың 16 қыркүйегінен бастап банкроттыққа өтінім берудің жаңа ережесі күшіне енді. Енді азаматтарға бұрынғыдай банкрот екенін дәлелдейтін құжаттарды жинап, оны eGov.kz порталында тіркеудің қажеті жоқ. Яғни, банкрот болудың жолдары жеңілдеді. Бұл жөнінде бүгінгі брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Балғын Серікқызы мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

16 МЫҢ АЗАМАТ БАНКРОТ

2023 жылдан бері банкроттық туралы заң күшіне еніп, қоғамда көп талқыға түскен. «Банкроттыққа үйрену» кезеңінен Мемлекеттік кірістер комитеті «жақсы өттік» деп есептейді. 2023 жылдың 3 наурызынан бері елде 16 мың азамат банкрот болып танылған. Яғни, азаматтар бұл заңның игілігін көрген. Олардың 53 млрд теңгелік міндеттемесі тоқтатылған.

– Заң нәтижесін берді деп айта аламыз. Ол заң мұқтаж азаматтарға көмегін тигізді. Алайда бұл жағдай ережелерді жетілдіріп, бейімдеу қажеттігін көрсетті. Биыл 20 тамызда жаңа түзетулер енгізіліп, 16 қыркүйекте күшіне енді. Түзетулер соттан тыс банкроттықты көздейді. Заңнамаішілік акттерге өзгеріс енгізу қажеттігі туындады. Соған сай банкроттықҚА өтінім берудің жаңа тәртібі күшіне енді. Қазір жаңа тәртіп бойынша өтінімдер қаралып жатыр, — дейді Балғын Серікқызы.

Бұл түзетулер ақпарат жүйелерінің жаңартылуын талап еткендіктен, аздаған уақытты алған.

ӨТІНІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

Қазіргі таңда қазақстандықтан онлайн және офлайн режимде банкроттыққа өтінім бере алады. Онлайн режим eGov.kz порталы арқылы өтінім беру керек. Ол үшін электронды қолтаңба ғана қажет. eGov.kz порталында іздеу жүйесінен «соттан тыс банкроттық процедурасын қолдану» деген қызметті таңдау керек. Ол жерде «қарызым бар», «жеке мәліметтерді ашуға рұқсат етемін» және «банкроттық деп тануды сұраймын» деген батырмаларды басу керек.

Бұрын азаматтар банкроттыққа өтінім бермес бұрын қарызын өтеуге тырысуы, құжат жеткізуі талап етілетін. Қазір ондай талап жоқ. Портал қосымша құжаттарды сұрамайды.

Азаматтар кредиторды ескертпей-ақ банкроттық өтінім бере алады. Себебі екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелері Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Яғни, банктер қарыз алған азаматтардың қайсысы банкроттық өтінім бергенін біліп отырады.

Азаматтар сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында банкроттыққа өтінім бере алады. Ол жерге жеке куәлігімен барады. Орталық мамандары өтінім мен қарыз иелері жайлы ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің базасына енгізеді.

АЗАМАТТАРҒА ӨТЕМЕГЕН 53 МЛРД ТЕҢГЕНІ БАНКТЕРГЕ МЕМЛЕКЕТ ӨТЕП БЕРЕ МЕ

Ulysmedia.kz порталы осы сұрақты Балғын Серікқызына қойған.

– Мемлекет банктерге бұл шығынды өтемейді. Бұл былайша айтқанда, банктердің кредит беру кезіндегі тәуекелдері. Олар сол әр азаматқа, заңды тұлғаға қарыз берген кезде осы тәуекелдердің бәрін әр жағдайға санайды, ескереді, – дейді ол.

“БАНКРОТ БОЛАМ” ДЕУГЕ АСЫҚПАҢЫЗ

Заң бойынша банкрот болып танылудың үш рәсімі бар. Олар: соттан тыс, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Қарыз көлемі 5,5 миллион теңгеден аспаса, соттан тыс рәсіммен құжат тапсыруға болады. Осы сомадан асса сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Ол үшін борышкердің атына тіркелген мүлкі болмай, кейінгі 12 ай ішінде кредитор немесе коллекторлар алдындағы борышы бойынша бірде-бір рет төлем жасамауы керек. Төлем мерзімі өткеннен кейін кемі 18 ай ішінде қарыз шарты бойынша берешекті реттеуге не өндіріп алуға талпыныс жасауы тиіс.

“Банкрот болам” деп асықпаған абзал. Себебі банкрот деп танылған азамат 5 жыл бойы несие немесе займдар ала алмайды. 7 жыл бойы қайта банкрот бола алмайды әрі ол 3 жыл бойы қаржылық мониторинг бақылауында жүреді.

Другие новости

Back to top button